Елімізде ет өнімдерін көп тұтынатын өңірлер белгілі болды
Қазақстандықтар ет және сүт өнімдерін көп тұтына бастады, деп хабарлайды Kazinform.

Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша жан басына шаққандағы азық-түлік тұтыну бюллетенін жариялады. Бұдан бұрынғы кезеңдердегідей үй шаруашылығының тұтыну шығындарында азық-түлік сатып алуға жұмсалатын шығыстардың ең көп үлесі ет пен ет өнімдеріне – 17%, нан мен жарма өнімдеріне – 7,8%, сүт өнімдеріне 5,4% тиесілі.
Ет және ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары көрсеткіші Жетісу, Атырау, Ақмола облыстарында, ал ең төмені Шымкент қаласында байқалды. Өңірлер бөлінісінде нан мен жарма өнімдерін Түркістан облысының тұрғындары көбірек тұтынады – жан басына шаққанда 44,1 кг (тоқсанына), ең азы – елорда тұрғындарында, жан басына шаққанда 23,6 кг. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2023 жылдың ІІІ тоқсанында қазақстандықтар ет және ет өнімдерін – 0,7келіге, сүт және сүт өнімдерін 1,2 келіге көбірек тұтынған.