Елімізде қандай азық-түлік импортқа тәуелді

импорт
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM –  Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізді отандық өніммен толықтай қамтуға, импортқа тәуелділік деңгейіне қатысты түсінік берді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрін қоса алғанда, азық-түлік тауарларының негізгі түрі (29 түрі) бойынша ішкі нарықтың отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі 80 және одан да көп пайызға жетті. Оның ішінде 11 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100% және одан да көп (нан, макарон, картоп, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық жармасы, тұз, күнбағыс майы, сиыр еті) қамтамасыз етілген. 12 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз етілу 80% және одан да көп (сүт, қызанақ, қияр, сәбіз, қырыққабат, пияз, бұрыш, қызылша, жылқы еті, сүт өнімдері, май)», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жекелеген тауарлар бойынша ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі әлі де аз деңгейде қалып отыр. Атап айтқанда, құс еті (67%), шұжық өнімдері (61,1%), ірімшік пен сүзбе (55%), қант (50,3%), балық (74,5%). Аталған тауар позициялары бойынша министрлік өндіріс көлемін ұлғайту және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр. 

«2023 жылы 43,8 мың тонна ірімшік пен сүзбе өндірілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға артық. 2023 жылы 11 айда импорт 32,2 мың тонна (2022 ж. 11 ай – 31,5 мың тонна), экспорт – 2,9 мың тонна (2022 ж. 11 ай – 2,5 мың тонна) болды. Ірімшік пен сүзбені өндіруді ұлғайту жөніндегі шаралар аясында 2023 жылы 26,6 млрд теңге сомаға 8 650 ірі қара мал басына сүт-тауар фермалары бойынша 21 жоба пайдалануға берілді. Сүт өңдеуші кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қайта өңдеуші кәсіпорындарға тапсырылған сүт көлеміне субсидиялау, сондай-ақ қайта өңдеуші кәсіпорындардың өзін терең өңдеуге арналған шикізатты сатып алуға субсидиялау жүзеге асырылады», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

2023 жылы 328,6 мың тонна құс еті өндірілді. Бұл оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,8 пайызға артық (2022 ж. - 288,7 мың тонна).

Бұдан бөлек, 2023 жылдың 11 айында құс еті импортының көлемі 132,8 мың тоннаға жетті (2022 ж. 11 ай – 130,2 мың тонна). Бұл ретте, көрсетілген кезеңде экспорт 28,3 мың тонна болды. Бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінің деңгейінен 2 есе көп (2022 ж. 11 ай – 13,1 мың тонна).

Қазір құс еті бойынша импортқа тәуелділікті азайту үшін 89 млрд теңге сомасына 5 жоба пайдалануға берілді.

импорт
Фото: Kazinform
Соңғы жаңалықтар