Елімізде қанша күнге жететін жанар-жағармай бар

АСТАНА. KAZINFORM — 2023 жылмен салыстырғанда жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай жақсарды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

дизель
Фото: Pixabay

Министрдің дерегінше, мұнай өңдеу зауыттарындағы, мұнай базалары мен жолдардағы дизель отынының жиынтық қорлары 612 мың тонна немесе 38 күнге, Аи-92 — 352 мың тоннаны немесе 30 күнге, Аи-95 — 86 мың тонна немесе 30 күнге жетеді. 

Қор жанар-жағармай өндіруге және өңірлерден өтінімдер беруіне қарай толықтырылады.

Мұнайды қайта өңдеу тереңдігі және жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 85-87 пайызға дейін ұлғайды.

5 мамырда Шымкент мұнай өңдеу зауытында жоспарлы күрделі жөндеу аяқталды. 

Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Осылайша, 2023 жылмен салыстырғанда жанар-жағармай материалдары нарығындағы жағдай жақсарды», — деді Алмасадам Сәтқалиев. 

Оның атап өтуінше, кеңейту есебінен мұнай өнімдерін өндіруді ұлғайту бойынша мынадай жоспар бар:

— Ақтау битум зауыты 1-1,5 млн тоннаға дейін;
— Шымкент мұнай өндеу зауыты 6-12 млн тоннаға дейін;
— Атырау мұнай өндеу зауыты 5,5-6,7 млн тоннаға дейін;
— Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-8 млн тоннаға дейін.

«Осы жобаларды іске асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарының өсіп келе жатқан қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар