Елімізде қара өрік қаншадан саудаланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қара өрік – Қазақстанда кең таралған жемістердің бірі. Қазір базарларда қара өрік көптеп сатылып жатыр. Еліміздегі сауда орындарында оның бірнеше түрін кездестіруге болады. Бұл ретте, Қазақстан өңірлерінде осы жеміс құны қаншадан саудаланып жатқанын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ең арзан қара өрік Талдықорғанда екені анықталды. 19 қыркүйектегі жағдай бойынша келісін 400-450 теңгеге сатып алуға болады. Ал Түркістанда оның келісі 400-500 теңге аралығында болса, Таразда келісін 450 теңге шамасында саудалап жатыр.
Көкшетауда жемістің келісі 450-500 теңгеден өткізілсе, Қарағанды мен Жезқазған қалаларында қара өріктің келісі 450 теңге, «Испан» сорты 515 теңге, сондай-ақ ең ірі түрі 950 теңгеден сатылып отыр.
Қара өрік Қонаевта (келісі 500 теңге), Қызылордада (500-600 теңге), Петропавлда (550-600 теңге) және Павлодарда (бір келісінің құны 550-650 теңге) бірдей баға диапазонында тұр. Сонымен қатар, Алматыда оның бағасы 550-650 теңге шамасында.
Ал басқа облыстардың тұрғындары қара өріктің келісін 600 теңгеден жоғары бағада алып жатыр.
Мәселен, Семей тұрғындары үшін қара өріктің келісі - 600 теңге. Атырау тұрғындары да ірі қара өрік түрін осы бағамен алып жүр, ал жемістің кішірек түрінің келісі 1000 теңге тұрады. Шымкентте оның келісі 600-700 теңгеге саудаланып жүр.
Астанада осы шырынды жемістің келісін 650-689 теңгеге сатып алуға болады.
Қостанай мен Өскеменде қара өріктің бағасы бірдей, яғни бұл өңірлерде 700 теңгеге өткзіліп жатыр. Ақтөбеде бұл жемістің келісі 700-900 теңгеге бағаланған.
Ең қымбат қара өрік Оралда сатылып жатқаны белгілі болды – мұнда келісі 750 теңге, Ақтауда келісі 800-ден 1000 теңгеге дейін.
Атап айтқанда, қазір қара өрікті алдағы қысқа сақтау үшін сатып алып жатыр. Одан түрлі компоттар, тосап және басқа да өнімдер дайындайды. Кейінгі кезде кептірілген қара өрікке сұраныс жоғары, оның дәмі кез келген экзотикалық өнімнен кем емес. Сондықтан еліміздегі базарларда әр адамның талғамына қарай жемістің түрлі сұрыптары кеңінен ұсынылған.