Елімізде қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай цифрлық базасы жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Келесі жылы қайырымдылық ұйымдарының жұмысы, жобалары мен қаржысы туралы ақпарат жарияланатын бірыңғай цифрлық база іске қосылады.
Тиісті қағида Мәдениет және ақпарат министрі міндетін атқарушының 2026 жылғы 9 қазандағы бұйрығымен бекітілді. Құжатқа сәйкес, жаңа ресурс қайырымдылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Базаға орналастырылған мәліметтер баршаға қолжетімді болады.
Платформада тіркелу үшін ұйымдар электронды өтінім беріп, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын анықтаманы қоса ұсынуы қажет. Құжаттар тексерілгеннен кейін ұйымдарға жеке кабинетке қол жеткізу мүмкіндігі беріледі.
Тіркелген соң, ұйымдар бес жұмыс күні ішінде жүйеге қағидаларда көзделген мәліметтерді енгізуге міндетті. Егер ақпарат толық болмаса немесе сәйкессіздіктер анықталса, оны белгіленген мерзімде түзету керек.
Есепті қашан тапсыру керек
Қағидаға сәйкес, қайырымдылық ұйымдары жыл сайын қызметі туралы есептерді қазақ және орыс тілдерінде жариялауға міндетті. Оны есеп беріп отырған жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін орналастыру қажет.
Уәкілетті орган есептің уақытылы жарияланғанын, барлық тиісті бөлімдердің толтырылғанын және ұсынылған ақпараттың шындыққа сәйкестігін тексереді.
Ұйым туралы мәліметтер өзгерген жағдайда, түзетулерді 10 жұмыс күні ішінде енгізу керек. Бұдан бөлек, цифрлық базадағы ақпаратты кемінде әр тоқсанда бір рет жаңартып отыру міндетті.
Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай тізілімі жасалатынын жазғанбыз.