Елімізде кейбір дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға дейін төмендейді — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде түпнұсқамен сапасы бірдей балама дәрі-дәрмектердің бағасы төмендейді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтты.

— Қазақстанда дәріханаларда сатылатын препараттардың шекті құнын төмендетуді көздейтін жаңа тетік жұмыс істейтін болады. Дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету құралдарының бірі — бұрын дәрі-дәрмектің құнына енгізілген қосымша шығыстарды алып тастау. Олар: маркетинг (30%-ға дейін), тасымалдау (15%-ға дейін) және сапаны бағалау шығындары. Үстеме бағалардың регрессивті шкаласын қайта қарау нәтижесінде оларды қолдану шегі айтарлықтай төмендеді: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде олар 20%-ға дейін, көтерме сату үшін — 25%-ға дейін, ал бөлшек сауда үшін — 30%-ға дейін (бұрын 55% болған), — деді ол ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында.
Вице-министрдің айтуынша, аталған реттеу шаралары генерик (дәрінің түпнұсқасымен құрамы мен сапасы бірдей балама нұсқасы) дәрі-дәрмек бағасын төмендетпек.
— Реттеу, шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларының жаңа редакциясында генериктерге бағаны бастапқы дәрілік зат бағасынан 30%-ға төмендету көзделген. Егер бастапқы препарат нарықта болмаған жағдайда, отандық аналогтың шекті құны импортталатын дәрілердің орташа бағасынан аспауға тиіс. Мұндай саясат бәсекелестікті ынталандыруға және барлық тараптар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ете отырып, отандық өндірушілер үшін жағдайларды жақсартуға мүмкіндік береді, — деді Ержан Нұрлыбаев.
Спикердің айтуынша, жүйенің ашықтығын арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық порталдармен, атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен интеграция жасалатын болады. Бұл шара дәріханалардың кедендік декларациялары мен кассалық чектерінің деректеріне мониторинг жасау арқылы дәрілік заттардың бағасын тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін тегін дәрі-дәрмектерді беру жүйесіне өзгеріс енгізілетінін жазған едік.