Елімізде кейінгі 5 жылда орман аумағы 267 мың гектарға артқан

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл орман шаруашылығын техникалық-материалдық базамен қамтуға 52,0 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті. 

Елімізде кейінгі 5 жылда орман аумағы 267 мың гектарға артқан
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Қолға алынған шаралардың арқасында еліміздің орманды аумағының көлемі 5 пайызға артты. Кейінгі 5 жылдың ішінде республикамыздың орманмен көмкерілген жерінің аумағы 267 мың гектарға көбейді. Ормандарды сақтап қалу мақсатында орман қорғау мекемелерін өртке қарсы техникамен жабдықтау, орман шаруашылығындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар шара қабылданды», - деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен 15,9 млрд теңгеге 526 бірлік техника сатып алынды. 

Биыл орман шарашылығын техникамен қамтуға 52,0 млрд теңге бөлінген, оның ішінде 40,0 млрд теңге лизинг есебінен.

«Аталған шаралар еліміздегі жиі орман өрті болатын өңірлердегі орман қорғау мекемелерін 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді. Мүдделі органдардың бірігіп жедел әрекет жасауының арқасында бір орман өртінің алаңын орташа алғанда былтырғы 97 гектардан биыл 64,5 гектарға дейін қысқарды. Оның ішінде Семей және Ертіс орманы резерватындағы өрт алаңы орташа 340 гектардан 0,2 гектарға дейін азайып отыр», - дейді ол.