Елімізде киім-кешек пен аяқ киім қымбаттап, тұрмыс заттары арзандады
Қыркүйекте азық-түлікке жатпайтын инфляция баяулады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасар Берік Шолпанқұлов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Азық-түлікке жатпайтын инфляция да қыркүйекте баяулап, 12,1 пайыздық мәнді көрсетті. Өткен жылғы жоғары базаның ықпалы аяқталғандықтан, жеке пайдалануға арналған тауарлар, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек бағасының жылдық өсімі баяулап келеді. Отынға бөлшек сауданың шекті бағасы өсті. Кейін реттелмейтін отын түрлеріне баға шарықтап, жанар-жағармайдың азық-түлікке жатпайтын инфляциядағы үлесі арта түсті. Қыркүйекте киім-кешек пен аяқ киімнің, дәрі-дәрмек пен қатты отынның бағасы өсті. Есесіне тұрмыстық бұйымдардың бағасы төмендегенін көрдік», - деді Берік Шолпанқұлов.
Оның атап өтуінше, ақылы қызметтердің инфляциясы шілде-тамыз аралығында жеделдегеннен кейін өткен жылғы жоғары базаның шығуы есебінен қыркүйекте 11,9 пайызға дейін баяулады.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында іске асатын тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің өсімі қыркүйекте – 0,4, жылдық мәнде 13,6 пайызға дейін баяулады. Реттелмейтін қызметтердің бағасы өсу үрдісін сақтап қалды. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты білім беру қызметтерінде де баға тез өсті. Бұдан басқа, жалдау ақысының, көлік пен амбулаториялық қызметтердің құны да өсе түскені байқалды», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.