Елімізде қоғамдық кеңестердің қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру жұмысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық кеңестердің қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысын онлайн өткізгенін хабарлады.

мемлекеттік қызмет, жиын, жиналыс
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынды.

Отырысқа қатысушылар қоғамдық кеңестердің қызметіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Қолданыстағы заңнама нормалары мен кеңестердің жұмыс тәжірибесін жан-жақты талдап, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу қажеттігіне баса назар аударылды.

Талқылау барысында айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар қолданыстағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеуге негіз болады.

Аталған мәселелерді жан-жақты зерделеу үшін ел өңірлеріндегі қоғамдық кеңестер өкілдерінің қатысуымен бірқатар диалог алаңын ұйымдастыру да жоспарланып отыр.

Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты заң жобалары қоғамдық талқылауға шығарылды.