Елімізде құтқарушылар саны жеткілікті ме

ТЖМ, МЧС
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдай туындағанда құтқарушылар саны жете ме? Бұл сауалға ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов жауап берді.

«Тұрғындары миллионнан асатын қалаларда шамамен 100-150 құтқарушы бар. Олар жаз айларында ғана емес, барлық маусымда, төтенше жағдай туындағанда құтқарумен айналысады. Бүгінде елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар. Барлық жағажайға құтқарушыларды қою мүмкін емес. Дегенмен құтқарушыларға өңірлердегі Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері, өрт сөндірушілер, волонтерлер көмекке келіп, бірлесіп жұмыс істеп жатыр», - деп жауап берді Ақылбек Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, спикер қажет жағдайда полицейлер мен көлік инспекциясы қызметкерлерінің құтқару жұмыстарына тартылатынын айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл шомылу маусымы басталғалы 70 адамның ажалы судан келген. Оның ішінде 30 бала бар.

ТЖМ өкілінің айтуынша, суға кеткен балалардың дені қараусыз қалған немесе рұқсат етілмеген жерде шомылған.

Соңғы жаңалықтар