Елімізде ілбісті қорғау жұмыстары қалай жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда ілбістің саны 200-ге жуықтады. 2000 жылдардың басында елімізде бұл жыртқыштың 100–110 дарағы болған. Қазір оның популяциясын сақтау және мониторингтеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Елімізде ілбісті қорғау жұмыстары қалай жүріп жатыр
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің Татарстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Азат Зиганшинмен кездесуінде айтылды.

ілбіс
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар биологиялық әртүрлілікті сақтау және қар барысын қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан Татарстанмен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға, тәжірибе алмасуға және заманауи технологияларды қолдануға мүдделі екенін білдірді.

Кездесуде Қазақстанда ілбісті қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Қазір оның мекендейтін аумағының шамамен 80 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кіреді.

Қуантыров
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

2025 жылы Жамбыл облысында табиғи кешендерді, соның ішінде қар барысының мекендеу ортасын сақтау мақсатында «Меркі» өңірлік табиғи паркі құрылды.

Зоология институты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлерімен бірлесіп, фототұзақтар мен спутниктік қарғыбаулар арқылы ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізіп келеді. 2026 жылы спутниктік қарғыбау тағылған қар барыстарының саны 17-ге жетті.

Қазақстан мен Татарстан үшін ілбіс тарихи және мәдени маңызы бар, күш-қуат пен тектіліктің символы саналады. Сондықтан бұл жануарды сақтау екі тарап үшін де ортақ құндылық ретінде қарастырылды.

ілбіс
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кездесу барысында Татарстанның Алтай Республикасында «Қар барысы» ғылыми орталығын құру және Қырғызстанмен бірлесіп «Ақ Илбирс» ғылыми-зерттеу орталығын ашу бастамалары да сөз болды.

Тараптар қар барысын қорғау бағытындағы халықаралық ғылыми және табиғат қорғау ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.

Осыған дейін Алматы маңында туристер ілбісті кездестіргені туралы жаздық.

ілбіс
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі