Елімізде музейге келушілер саны 6 млн-ға жуықтаған
Елімізде музей ісі қалай дамып жатыр? Келушілер саны қанша? Бұл сауалдарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Қазақстан музей қызметкерлерінің I конгресіне» қош келдіңіздер. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек екенін ерекше атап өтті. Өздеріңіз білесіздер ұлтымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен тарихын халықаралық деңгейде насихаттауда музейлерімізге үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Елімізде 270-тен астам мемлекеттік музей бар. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасын лайықты іске асыруға өз үлесін қосып келеді», - деді Күміс Сейітова елордада музей қызметкерлерінің І конгресінде.
Комитет басшысының айтуынша, музейге қызығушылық жылдан жылға артып келеді.
«Былтыр еліміз бойынша музейге келушілер саны 6 миллионға жуықтады. Бұл еліміздің мәдени құндылықтарына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанының нышаны деп білеміз. Бүгін Ұлттық музейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Қазақстан музей қызметкерлерінің I конгресі отандық музей саласының кәсіби мамандарының өзара тәжірибе алмасатын тұрақты диалог алаңы болатынына сенімдімін», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін елордада музей қызметкерлерінің І конгресі өтіп жатыр.