Елімізде науқастардың медициналық деректерін қорғау тетіктері жетілдіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстыру барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев саланы цифрландыру үдерісі жөнінде мәлімдеді.
Оның сөзінше, бүгінде еліміздің медициналық ұйымдарында түрлі ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Ендігі міндет — осы жүйелерді бір-бірімен байланыстырып, медициналық ақпарат алмасуды жеңілдету.
— Бұл мақсатта электрондық денсаулық сақтау платформасының жұмыс тәртібін нақтылау ұсынылады. Соның ішінде рентген, компьютерлік томография және МРТ нәтижелерін бір жүйеде сақтау және дәрігерлер арасында алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, аудандық ауруханада тексерілген науқастың нәтижесін Астанадағы немесе Алматыдағы республикалық орталықтың дәрігері қашықтан көре алады. Бұл науқастың қайта-қайта тексеруден өту қажеттілігін азайтып, дәрігерлердің өзара кеңесуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге азаматтардың медициналық деректерін қорғау талаптары жетілдіріледі, — деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласын цифрландыруды құқықтық реттеу барысын жетілдіру, медициналық практикаға ақпараттық жүйелер мен электрондық сервистерді енгізу көзделген. Атап айтқанда, еліміздің аумағында жүргізілетін биомедициналық зерттеулер туралы деректерді қамтитын ақпараттық ресурс, сондай-ақ трансляциялық зерттеулер мен трансляциялық медицина ұғымдары айқындалады.
Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, ұсынылып отырған басқа да өзгерістер қатарында дербес медициналық деректерді қорғау тетіктерін нығайту бар. Одан бөлек, трансплантациялау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ағзаларды, ағзалардың бір бөлігін немесе тіндерді трансплантациялау тәртібін нақтылау т. б. мәселелер қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан заңнамасында медициналық туризм ұғымы бекітілетінін жазғанбыз.