Елімізде оқушылар қауіпсіздігіне арналған жаңа пилоттық жоба тексеріліп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы мен облысында оқушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылды.

Елімізде оқушылар қауіпсіздігіне арналған жаңа пилоттық жоба тексеріліп жатыр
Фото: Назерке Саниязова /Kazinform

Жаңа оқу жылынан бастап BilimClass тегін электрондық журналында Алматы қаласы мен Абай облысының прокуратураларымен бірлесіп әзірленген әлеуметтік осал топтағы оқушыларға мониторинг жүргізу функциясы іске қосылмақ. Бұл жүйе баланың қиын жағдайда жалғыз қалуына жол бермеуі тиіс.

BilimClass жобасының жетекшісі Фархат Үсен мониторингтің жұмыс істеу механизмін түсіндірді. Оның сөзінше, жаңа жүйе оқушыға қатысты маңызды ақпаратты бір ортаға жинап, оның жағдайын жан-жақты бақылауға мүмкіндік береді.

— Балалардың әлеуметтік мәртебесі мен есепте тұруы туралы мәліметтер білім беру мекемесінен тыс сақталса, сабаққа қатысуы мен бағалары BilimClass базасында жиналады. Осы екі дереккөзді біріктірмейінше, есепте тұрған оқушының мектептен шеттей бастағанын дер кезінде аңғару мүмкін емес. Осыдан барып көмек көрсету шаралары тым кеш басталады. Жаңа жоба дәл осы түйткілді шешуге арналған, — деді ол.

Айтуынша, модуль баланың әлеуметтік жағдайын, сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және психологиялық факторларды кешенді түрде талдайды. Сигнал түскен сәтте арнайы мобильді топ жедел көмек көрсетуге мүмкіндік алады. Пилоттық жоба 2026 жылдың қыркүйегінде басталып, 6 айға созылмақ. Нәтижеге қарай жүйені өзге өңірлерге енгізу жоспарланып отыр.

Фархат Үсен прокуратура органдары әлеуметтік санаттағы оқушылар тізімін жасақтаса, BilimClass үлгерім мен сабаққа қатысу динамикасын қадағалайтынын атап өтті.

— Оқушылар тізімі шұғылдығына қарай жоғары қауіптегі және есепте тұрғандардан бастап, орташа қауіптегі оқушыларға дейін 4 топқа бөлінеді. Мұнда әр баланың қай пәннен қаншалықты артта қалып жатқаны нақты көрінеді, — деді Фархат Үсен.

Сонымен қатар ол балалардың жеке ақпаратының құпиялығын сақтау — жобаның ең басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, жүйеде ақпараттық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталатын болады. Прокуратура қызметкері тек өз модулі мен профилін ғана көреді. Платформаның басқа бөлімдеріне өте алмайды, тіпті тікелей сілтеме арқылы кіруге де тыйым салынған. Ал маман тек өзіне қарасты аумақтың мәліметтеріне ғана қол жеткізе алады. Жүйеге кіру eGov Mobile қолданбасы арқылы расталады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы мектептерінде электронды күнделік Kundelik-тен BilimClass-қа қалай ауысқанын жазғанбыз.