Елімізде өнеркәсіптік меншікке өтінім беру артып келеді

Осы жылдың 11 айында  өнеркәсіптік меншікке 11 мыңнан астам өтінім берілді.
Фото: jana-kezen.kz

Осы жылдың 11 айында  өнеркәсіптік меншікке 11 мыңнан астам өтінім берілді. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Ел азаматтарының құқықтық сауатын арттырудың, вебинарлар және бизнес, ғылым, креативті индустрия өкілдерін үнемі оқытудың арқасында, сондай-ақ шетел азаматтары белсенділігінің артуына байланысты 2023 жылы өнеркәсіптік меншікке өтінім беру едәуір өсті. Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша берілген құқық қорғау құжаттарының саны 11 000-нан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық). Атап айтқанда, тауар белгілерін, пайдалы модельдерді, селекциялық жетістіктерді, тауарлар шығарылған жерлердің атауларын және интегралды микросхемаларды тіркеуге өтінім берген азаматтардың саны артып отыр», - деді Талғат Уәли.

Оның нақтылауынша, тауар таңбаларын тіркеу бойынша – 10 293, пайдалы модельдер бойынша – 897, селекциялық жетістіктер бойынша – 72, тауарлар шығарылған жерлердің атауы бойынша – 24, интегралды микросхемалар бойынша – 3, өнертабыстар бойынша – 443, өнеркәсіптік үлгілер бойынша 112 өтінім тіркелді.

«2022 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасында заңмен «географиялық көрсеткіш» зияткерлік меншіктің жаңа объектісі болып енгізілген болатын. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілер мемлекеттік тізіліміне 9 389 мәлімет енгізілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға артық. 2023 жылы зияткерлік меншік құқығын қорғау бойынша берілген электрондық өтінімдердің үлесі 98,5 пайыз болды», - деді ресми өкіл.

Соңғы жаңалықтар