Елімізде пациенттер медициналық карталарына кім кіргенін бақылай алады: жаңа заң жобасының тиімділігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда пациенттер өздерінің электрондық медициналық карталарын қай медицина қызметкерлері қарағанын және онда қандай әрекеттер жасағанын бақылай алады. Мұндай норма денсаулық сақтау мәселелері бойынша әзірленген жаңа заң жобасында қарастырылған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Арман Жансеңгіров мәлімдеді.

Елімізде пациенттер медициналық карталарына кім кіргенін бақылай алады: жаңа заң жобасының тиімділігі
Фото: Kazinform/ЖИ

Депутаттың айтуынша, енгізіліп жатқан түзетулердің негізгі мақсаттарының бірі — пациенттердің дербес деректерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау саласындағы цифрлық жүйені жетілдіру.

— Бүгінде азаматтар медициналық ақпараттық жүйелердің мобильді қосымшалары мен электрондық үкімет қосымшалары арқылы өздеріне көрсетілген медициналық қызметтердің тарихын көре алады. Нақтырақ айтқанда, қандай анықтамалар берілгенін және қандай медициналық рәсімдер жүргізілгенін бақылауға мүмкіндігі бар, — деді Арман Жансеңгіров Құрылтайдағы брифингте.

Сонымен бірге, енді Денсаулық сақтау министрлігіне пациенттің цифрлық ізін бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктер беріледі.

— Бұл нені білдіреді? Пациент өзінің электрондық медициналық картасына қай медицина қызметкері кіргенін, қандай мақсатпен кіргенін және онда қандай әрекеттер жасағанын көре алады, — деп түсіндірді депутат.

Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінде бірыңғай медициналық-талдамалық деректер базасы құрылып жатыр. Онда пациенттер туралы мәліметтер жинақталады. Атап айтқанда, берілген анықтамалардан бастап, көрсетілген барлық медициналық қызметтер туралы ақпарат қамтылады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан заңнамасында медициналық туризм ұғымы бекітілетінін жазғанбыз.