Елімізде психологтер мен коучтарға шектеу енгізіледі: мамандар не дейді

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде кейінгі кездері жұртқа ақыл айтатын псевдо психологтар көбейген. Осы мәселені реттеу үшін «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Жаңа құжат саладағы мамандардың жұмысын реттеп, азаматтардың құқығын қорғауды көздейді. Алайда жаңа талаптар мен шектеулер қаншалықты тиімді болады? Бұл туралы заңгер Айгерім Құсайынқызы мен психолог Серікгүл Сәли Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» эфирінде айтты.

у
Фото: pexels.com

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері психологтердің қызметі заң жүзінде толық реттелмеген. Заңгердің айтуынша, осы уақытқа дейін салада туындаған мәселелер білім мен денсаулық сақтау бағыттары аясында ғана қарастырылып, соған сәйкес реттеліп келген екен.

— ҚР «Психологиялық қызмет туралы» арнайы заң мүлде болмаған. Осы уақытқа дейін біз бұл мамандардың қызметін «Білім туралы», «Педагогтердің мәртебесі туралы» заңмен және Денсаулық сақтау кодексімен реттеп келдік. Елде адвокаттық қызмет туралы арнайы заң бар. Олар лицензиясыз қызмет көрсете алмайды. Себебі адвокаттардың жұмысы адамның тағдырымен байланысты. Ал неге адамның жанын емдейтін мамандарға осы күнге дейін арнайы заң болмады? Бұл сұрақ Мәжілістің 8-шақырылымында ғана көтеріле бастады. Себебі әлеуметтік желілерде ешқандай психологиялық білімі жоқ псевдомамандар көбейіп кетті. Бұл жандар адамдарды жанама түрде зорлық-зомбылық құрбанына айналдырып жатыр деуге болады, - деді Айгерім Құсайынқызы.

у
Фото: видеодан алынған скрин

 

Спикер сөзінше, АҚШ пен Еуропа елдерінде кез келген адам өзін психологпын деп атай алмайды. Ол үшін нақты біліктілік талаптары болуы керек екен. Тіпті бакалавр дәрежесі жеткіліксіз: мамандар магистратура мен PhD деңгейін аяқтауы тиіс. Одан кейін де тұрақты түрде кәсіби біліктілігін арттырып отырады. Мәселен, АҚШ-та «психолог» атауы заңмен қорғалған. Спикер мұндай талаптар елімізде де енгізу қажеттігін айтты. Себебі осы уақытқа дейін заңда «психолог» ұғымының нақты анықтамасы да болмаған.

— Педагог-психологтер мектепте жұмыс істейді және олардың нақты біліктілік талаптары бар. Елде клиникалық психологтар да бар, олардың да лицензиялық талаптары белгіленген. Алайда жеке практикамен айналысатын мамандарға мемлекет тарапынан ешқандай нақты талап болған жоқ. Тіпті арнайы реестр де жоқ. Реестр болмағандықтан, елде қанша жеке практик психолог бар екенін де білмейміз, нақты саны белгісіз. Сондай-ақ психолог кім, кім өзін психологпын деп атай алады — мұның бәрі нақты айқындалмаған еді. Осының салдарынан бұл сала нарықта өзін-өзі «вакуумдық» жағдайда реттеп келді. Халықтың наразылығы туындағаннан кейін, тіпті кейбір адамдар өзін «психологпын» дейтіндерден қашқақтайтын жағдайға жетті. Бұл мәселеге депутаттардың назар аударып, құлақ түре бастауы, әлбетте, қуантады, - деді маман.

Осы тұста Айгерім Құсайынқызы, Заң жобасы мақұлданған жағдайда қандай олқылықтардың жойылатынын атап өтті.

— Біріншіден бұл заң қазір Мәжілісте бірінші оқылымнан өтіп, мақұлданды. Қазіргі таңда екінші оқылымға дайындалып жатыр. Екіншіден, заңда біліктілік талаптары нақты көрсетіледі. Психологқа анықтама беріледі, қандай білім мен кәсіби талаптарға сай болуы керектігі айқындалады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мәселеге жауапты орган болады. Міндетті түрде реестр енгізіледі. Сонымен қатар психологтардың этикалық мәселелері де заң аясында қарастырылады. Бұл заң іске асса, менің ойымша, бірнеше кезең арқылы қалыптасады. Алдымен заң аясында азаматтық, әкімшілік және тәртіптік, сондай-ақ этикалық жауапкершілік енгізіледі. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекске арнайы бап енгізу қарастырылмаған. Дегенмен тәртіптік жауапкершіліктің өзі бұл саланы тиімді реттеуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Психолог — жай ғана мамандық емес, ол адамның жан дүниесімен жұмыс істейтін, тіпті оның өмір жолына әсер ететін жауапты әрі күрделі кәсіп. Сондықтан дипломы бар кәсіби психологтартың өзі әр үш жыл сайын өз біліктілігін арттырып, тексеруден өтіп отырады.

— Осы уақытқа дейін өзін псевдопсихологпін деп таныстырып келгендер заң бойынша жауапкершілікке тартылған жоқ, алайда заң күшіне енгеннен кейін ғана бұл сала нақты реттеле бастайды. Байқасаңыздар, әлеуметтік желілерде осы заң талқылана бастаған сәттен-ақ көптеген адам өз аккаунттарындағы «психолог» деген атауын алып тастады. Тіпті кейбірі бірден өшіріп тастады. Бұл да оң өзгеріс деуге болады, яғни олар құқықтық сауат тұрғысынан бұл әрекеттің салдарын түсіне бастағанын көрсетеді, - деді заңгер.

Ал психолог Серікгүл Сәли жаңа құжатты сала мамандары құптап, оны маңызды қадам ретінде бағалап отырғанын айтты.

— Кәсіби психолог әріптестерім өте жақсы қабылдап жатыр. Өз ортамызда талқылап жатырмыз, оң пікірлер айтылып жатыр. Заң қалай жүзеге асады? Қалай басталады? Әлбетте, бұл жерде бір қауымдастық болса, сол жер келісім беретін бола ма, сол жерден мамандар арнайы курстан өте ме деген сияқты сұрақтар бар. Бұл психологтардың статусын көтерілуіне өте жақсы әсерін беретін болады, - деді психолог.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Псевдопсихолог — арнайы білімі мен рұқсаты жоқ, бірақ өзін психолог ретінде таныстыратын адам. Маманның айтуынша, мұндай құбылыс соңғы жылдары әлеуметтік желілердің әсерінен жиілеп кетті.

— Егер адам басшылық қызметте істесе, заң саласында жұмыс істеп, халықпен жиі тілдесетін болса, белгілі бір уақыттан кейін өзін психолог сияқты сезіне бастайтын жағдайлар болады. «Мен де психологпын, мен де білемін» деген жалаң сөз қоғамда кең тараған. Тікелей эфирге шығып, өзін психолог ретінде сезініп, бірден ақыл айтып, жеке қабылдаулар жүргізе бастайды. Олар мұны табыс көзіне айналдырады: адамдарды қабылдайды, курстар сатады, сертификаттарына сүйеніп қызмет атқарады. Мұндай әрекеттердің зардабы өте көп. Жаңа құжат осындай адамдарды сүзгіден өткізуді мақсат етеді, - деді ол.

Серікгүл Сәлидің айтуынша, псевдопсихологтерге жүгінген адамдар уақыт өте келе кәсіби мамандарға қайта келеді. Себебі тиісті білімі жоқ тұлғалар олардың нақты мәселесін анықтап, дұрыс көмек көрсете алмай, уақытын алады.

— Псевдопсихологтерге жүгінген адамдар уақыт өте келе олардың қызметінің салдарын сезініп, бәрібір білікті маманға келеді. Сондықтан бізді алаңдататын негізгі мәселе — адамның өмірінің белгілі бір кезеңін жоғалтып алуы, уақыты өтіп, тіпті денсаулығына зиян келуі. Кәсіби маманға келген кейбір адамдар «мен көп психологтармен жұмыс істедім» деп бастайды. Салыстырып қарағанда, психологке бармай тұрғандағы өмірі мен кейінгі өмірінің арасында үлкен айырмашылық байқалады. Мысалы, псевдопсихологтер өзінің жұбайымен қарым-қатынасында мәселе болса, алдына келген адамдарға да еркектерді кінәлай беретін жағдайлар кездеседі. Бұл жағдайда нақты психологиялық проблема болмаса да, маман өз көзқарасын клиентке сіңіруі мүмкін, - деді Серікгүл Сәли.

Осы тұста Серікгүл Сәли психологке жүгінер алдында маманның кәсібилігін анықтау үшін бірнеше кеңес берді.

— Егер психолог әңгімесін «менің баламда да, күйеуімде де осындай мәселе болған» деп өз тәжірибесінен бастаса, мұндай маманнан сақ болған жөн. Бұл – бірінші белгі. Екінші белгі – егер сіз өз мәселеңізді айтып отырғанда, психолог бірден ақыл бере бастаса, бұл да дұрыс емес. Кәсіби психолог кеңесті де сауатты түрде береді. Тағы бір маңызды жайт: егер психолог «мен барлық бағытта жұмыс істей беремін, сіздің мәселеңізді өте қысқа уақытта шешіп беремін» десе, одан да сақ болған дұрыс. Шын мәнінде, адамның мәселесін шешу үшін қанша терапия қажет екенін алғашқы консультациясыз нақты айту мүмкін емес, - дейді маман.

Айта кетейік, жақында әлеуметтік желідегі психологтер қызметі қалай реттелетіні жайлы да жазған едік.