Елімізде «Сарбаз 2.0» телесериалының түсірілімі басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде көп сериялы «Сарбаз 2.0» телевизиялық фильмінің түсірілімі жүріп жатыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Елімізде «Сарбаз 2.0» телесериалының түсірілімі басталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

«Хабар» агенттігі АҚ-ның тапсырысы бойынша қолға алынған бұл жоба Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Түсірілімнің басталуына арналған салтанатты рәсімге Қорғаныс министрінің кеңесшісі Әйгерім Ағылтаева, «Хабар» телеарнасының директоры Ерлан Атамбай, түсіру тобының мүшелері, актерлер, сондай-ақ, әскери бөлімнің қолбасшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Елімізде «Сарбаз 2.0» телесериалының түсірілімі басталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Киногерлердің қалыптасқан дәстүрі бойынша жоба атауы мен түсіру тобы мүшелерінің есімдері жазылған тәрелке сындырылды. Бұл рәсім сериалдың сәтті өтуін білдіретін жақсы ырым саналады. Тәрелкені сындыру құрметін қоюшы режиссер Мақсат Оспанов иеленді. Іс-шара соңында тәрелке сынықтары қатысушыларға естелік ретінде таратылды.

Сериалдың негізгі желісі жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсынатын Қорғаныс министрлігі жүзеге асырып отырған «Сарбаз 2.0» бірегей бағдарламасына негізделген.

— Мерзімді әскери қызметшілер жауынгерлік дайындықтан бөлек, заманауи бағыттар бойынша қосымша білім алады. Атап айтқанда, Astana Hub ұйымдастыруымен IT саласы, радиобайланыс және желілік технологиялар бойынша арнайы курстардан өтеді. Сондай-ақ сарбаздар ағылшын тілін меңгеріп, ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік бағыттары бойынша білімін жетілдіреді. Бұдан бөлек, олар ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалану және басқару дағдыларын үйренеді, — деді 78460 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Сейфулла Исахов.

Елімізде «Сарбаз 2.0» телесериалының түсірілімі басталды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сериалдың сюжетінде әскерде мінездері шыңдалып, тұлғалық қасиеті қалыптасқан қазақстандық сарбаздардың жаңа буыны бейнеленеді.

Фильмнің басты кейіпкері — Әлихан есімді жас жігіт. Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті ұпай жинай алмай, қаржылық қиындыққа тап болған ол әскер қатарына баруға шешім қабылдайды. Алғашында бұл қадамы амалсыз жасалғандай көрінгенімен, уақыт өте келе әскери орта өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жауапкершілігін арттырып, көшбасшылық қасиетін қалыптастыруына ықпал етеді.

— Сериал әскери қызметтің жас адамның тұлға болып қалыптасуына қалай әсер ететінін көрсетеді. Кейіпкердің бейқам жастық шақтан жауапкершілігі мол кемелдікке, өмірдегі нақты мақсатқа, өзіне деген күмәннан өз күшіне деген сенімге қарай жасаған қадамын баяндайды, — делінген хабарламада.

Бас кейіпкер Әлиханның рөлін Алмас Ақылбай, ал оның анасы Алтынның бейнесін Камалия Байтілеуова сомдайды. Сонымен қатар фильмде Әмина Есімхан (Әсел), Жалғас Толғанбай (подполковник Момбеков) және Кенжебек Башаров (Асқар) секілді актерлер де ойнайды.

Осыған дейін Қазақстан әскерінде сарбаздар пікірі негізінде командирлер рейтингі жасалғанын жаздық.