Елімізде шағын және орта бизнестегі жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрлігі ШОБ Қазақстан еңбек нарығының негізгі қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеп, саланың даму барысы жөнінде ақпарат берді.
— Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бүгінде ШОБ секторында 4 527 381 адам жұмыспен қамтылған. Бұл — елдегі жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 48,6%-ы. Соңғы 7 жылда сектордағы жұмыс орындарының саны 36,7%-ға өсті (2018 жылы — 3,3 млн), — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 63,5%-ға артып, 2,2 млн бірлікке жетті. Соның арқасында өнім шығару көлемі 3,2 есе ұлғайып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық 104,8 трлн теңге көрсеткіші тіркелді. Ал ШОБ-тың ел ЖІӨ-сіндегі үлесі 9,2%-ға жоғарылап, 40,9% болды.
— Сектордың негізін бұрынғысынша жеке кәсіпкерлер құрайды. Олар субъектілердің жалпы санының 69%-ын қамтып, 2 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, орта кәсіпорындар нарықтың небәрі 0,1%-ын құрағанымен, толық әлеуметтік пакет ұсынатын неғұрлым тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпорындарда 428,2 мың адам жұмыс істейді, — деп мәлімдеді министрлік.
Ал елдегі кәсіпорындар саны бойынша сауда саласы көш бастап тұр (35%). Дегенмен, бизнесті кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста және агроөңдеу саласында жоғары.
Одан бөлек, секторда әйелдердің рөлі айтарлықтай. Олар барлық ШОБ субъектілерінің 48,1%-ын басқарады. Жеке кәсіпкерлер арасында әйелдердің үлесі 52,6% болса, заңды тұлғалар арасында — 28,1%.
Айта кетейік, бұған дейін ШОБ өсімі 20%-дан асқанын және бизнесті тексеру азайып, қолдау күшейгенін жазғанбыз.