Шегірткемен күреске қосымша 4 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады

4 млрд бөлінді
Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM - Үкімет биыл шегірткенің жаппай таралып кетуінің алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдап жатыр. Осыған орай қосымша 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Бұл туралы primeminister.kz жазды. 

Елімізде соңғы жылдары үйірлі шегірткелердің таралу алаңының ұлғайғаны байқалады:

2020 жылы – 514 мың га;

2021 жылы – 626 мың га;

2022 жылы – 975 мың га;

2023 жылы таралу алаңы 1 585 мың га болады деп болжанғанымен, іс жүзінде 1 616 мың га өңделді.

2023-2024 жылдарға шегірткенің жаппай таралуының 11 жылдық циклінің үдемелі кезі сәйкес келеді.

Биыл республикалық бюджеттен 1 270,6 мың га алаңды өңдеуге 4,2 млрд теңге бөлінген еді. Алайда, 2024 жылы нақтыланған жалпы болжам бойынша үйірлі шегірткенің таралу алаңы ұлғайып, 2,5 млн га құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, шамамен 1 млн гектарға артық.

Бөлінген қосымша қаражат 1,3 млн га алаңда зиянкес үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.

Соңғы жаңалықтар