Денсаулық сақтау жүйесіне созылмалы ауруларды ерте анықтайтын жасанды интеллект енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен халықаралық медициналық технологиялар компаниясының өкілдері Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде ынтымақтастық ниеттерін бекітетін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Елімізде созылмалы ауруларды ерте анықтайтын жасанды интеллект енгізіледі
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Carna Health компаниясы созылмалы аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтауға арналған жасанды интеллект технологияларын қолданатын платформалық шешімнің әзірлеушісі болып табылады.

Carna Health платформасы CKM (Cardiovascular–Kidney–Metabolic) тұжырымдамасына негізделген және пациенттердің жай-күйін үздіксіз мониторингілеуді, қауіптерді стратификациялауды, сондай-ақ жалпы практика дәрігерлеріне арналған дербестендірілген клиникалық ұсынымдарды қамтамасыз етеді.

Компания ұсынған деректерге сәйкес платформа дәрігерлердің жүктемесін 30%-ға дейін төмендетуге, созылмалы бүйрек ауруларын емдеуге жұмсалатын шығындарды азайтуға, сондай-ақ диализ терапиясының көміртек ізін қысқартуға ықпал етеді. 

Қазіргі уақытта компанияның шешімдері әлемнің 35-тен астам елінде 70 мыңнан астам адамды қамтып отыр және денсаулық сақтау саласындағы жетекші ұйымдармен әріптестік келісімдері бар.

- Қол қойылған меморандум платформаны бірнеше медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымында пилоттық апробациядан өткізуді, созылмалы аурулары бар науқастарды есепке алу мен қадағалап-қарау үдерістерін цифрландыруды, сондай-ақ ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлерінің цифрлық құзыреттерін арттыруды қоса алғанда бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттарын айқындайды,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру күшейтілетіні туралы жаздық.