Елімізде су басқан жолдарды қалай айналып өтуге болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір 2 облыста ұзындығы 4300 метр жолды су басты және 4 облыста жол қозғалысына шектеу қойылды. Толығырақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет айтып берді.

Атырау облысы
Фото: видеодан алынған скрин

«Бүгін сағат 14:00 жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан 2 облыстағы (Қостанай, СҚО) 4 жол учаскесінде жалпы ұзындығы 4300 метр жолды су басты. Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Қостанай және СҚО-да республикалық маңызы бар 8 автомобиль жолында (ұзындығы 463 км) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды», - деді Сәкен Ділдахмет ОКҚ-де өткен брифингіге ZOOM платформасы арқылы қатыса отырып.

Ел аумағындағы көлік қозғалысына шектеу қойылған жол учаскелері:

Ақтөбе облысы

- «Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» тас жолының 3-92 шақырымы.

(Жабық учаскені «Қандыағаш-Темір-Кеңқияқ-Жағабұлақ-Жем» аудандық тас жолының 235 шақырымы арқылы айналып өту ұсынылып отыр).

Атырау облысы

- «Мұқыр - Құлсары» тас жолының 0-136 шақырымы. (Жабық учаскені «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» тас жолының 377-512 шақыры және «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайтөтес-Шетпе-Жетібай- Ақтау» тас жолының 3-120 шақырымы арқылы айналып өту ұсынылды).

Қостанай облысы

- «Мариновка ауылына кіреберіс» тас жолының 0-9 шақырымы;

- «Екатеринбург-Алматы» тас жолының 555-729 шақырымы.

(Жабық учаскелерді «Денисовка-Жітіқара» тас жолының 137 шақырымы арқылы айналып өту ұсынылады).

Солтүстік Қазақстан облысы

- «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 869-875 шақырымы;

- «Челябинск-Новосибирск» тас жолының 525-530 шақырымы;

- «Петропавл қаласын айналып өту жолы» тас жолының 3-8 шақырымы;

- «Екатеринбург - Алматы» тас жолының 729-768 шақырымы.

Жабық жол учаскелерін Тимирязев, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов аудандарының тұрғындары облыс орталығына дейін жету үшін «Волошинка-Сергеевка-Тимирязево» республикалық маңызы бар тас жол арқылы жүріп, ары қарай Р-61 «Волошинка-Корнеевка-Рощинское» тас жолына түсіп, ол жақтан КТ-29 «Покровка-Корнеевка-Горное» тас жолымен А-16 «Жезқазған-Петропавл» жолы арқылы қалаға жете алады.

«Жезқазған-Петропавл» тас жолының 954-952 шақырымы учаскесінде үлкен жүк көліктер үшін қозғалыс полиция қызметкерлерінің көмегімен қамтамасыз етілуде.

Мамлютка, Жамбыл аудандарында тұрғындардың Р-57 «Новокаменка-Петерфельд» республикалық маңызы бар тас жолы арқылы қалаға жету мүмкіндігі бар.

Соңғы жаңалықтар