Елімізде су саласына ғана маманданған ЖОО құрылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Президент кеңесшісі Қанат Бозымбаев «Global Water» атты су үнемдеу технологияларына арналған бірінші халықаралық форумда Елімізде су саласына ғана маманданған ЖОО құрылуы мүмкін екенін мәлім етті.
«Жалпы суды көп шығындайтын дақылдардың алқабын азайтып, оларды суды барынша аз шығындайтын дақылдармен ауыстыру керек. Сумен жабдықтау саласында суды қаталап пайдалану, қалдық суды өңдеп тұтыну тәсілдерін белсенді пайдаланудан үлкен әлеует көріп отырмыз. Кез келген ірі су тұтынушы кәсіпорында өзінің су тұтыну көлемін 25-30% азайтуға бағытталған іс шараларын жоспары болу керек. Мұндай жұмыс та осы кезден басталу керек», - деді Қанат Бозымбаев.
Сондай-ақ, елдегі судың көбі булану арқылы да рәсуа болып жатқанын атап өтті.
«Бұл мәселеде халықаралық тәжрибені ескеру өте маңызды. Өкінішке қарай, біздегі су саласын ғылыми зерттеу жағы шетелмен салыстырғанда бірталай артта қалған. Қазір бізге бұл салада сапалы мамандар бұрын болмаған деңгейде қажет. Еліміздегі базалық жоғары оқу орындарының бірін таза су тақырыбына маманданған университет етіп қалпына келтіру мәселесі қаралып жатыр», - деді Президент кеңесшісі.