Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде су саласына маман даярлайтын оқу орындарының саны 1,5 есе өсті

АСТАНА.KAZINFORM - Елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, еліміздің су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын оқу орындарының саны артып отыр.

а
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Мәселен, 2023 жылы республикада болашақ су шаруашылығы мамандарын даярлайтын 9 жоғары оқу орны және 6 колледж болса, бүгінде су шаруашылығы саласына мамандарды 13 университет пен 10 арнаулы орта оқу орны даярлайды.

Министрлік мәліметінше, су саласына кадр даярлайтын оқу орындарының жалпы саны 15-тен 23-ке дейін өсті.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Сонымен қатар Астана технологиялық колледжі, Көксу политехникалық колледжі, Теміртау жоғары политехникалық колледжі және Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі студенттеріне су саласы бойынша мамандықтарда білім алу мүмкіндігі берілді.

– Министрлік су шаруашылығы мамандарын даярлайтын барлық оқу орнымен меморандумдар жасасты. Бұл оқу орындарында білім алатын студенттер «Қазсушар» РМК-ның филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Биыл су шаруашылығы саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Қазіргі таңда су саласы бойынша мамандықтарда шамамен 2,7 мың адам білім алып жатыр, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға арналған жаңа білім беру ресурсы әзірленіп жатыр.