Елімізде су тасқынын болжау мен модельдеудің цифрлық жүйесі әзірленіп жатыр

Модельдеу
Фото: ҚР Премьер-Министрінің сайты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынын болжау мен модельдеудің ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің сайты жазды. 

Кеңеске су ресурстары және ирригация, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, қаржы вице-министрлері қатысты.

Мәлім болғандай, ақпараттық жүйеге төрт модуль кіреді: деректерді жинау, талдау, болжау және модельдеу. Ол «Қазақстан Ғарыш Сапары», «Қазгидромет» және «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығының» жедел және көпжылдық деректерін пайдаланатын болады.

Сондай-ақ жүйе су тасқыны, сел, көшкін қаупі бар учаскелер мен гидротехникалық құрылыстар бойынша ТЖМ деректер базасымен біріктіріледі.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еуропалық Жерді қашықтан зондтау бағдарламасын қолдануды ұсынды. Сонымен қатар вице-премьер отандық цифрлық шешімдерді қарастыруды тапсырды. Бұған қоса, ауқымды деректер көзін қалыптастыру үшін вице-премьер гидро және метеопосттардың санын көбейтуді, су айдындары мен өзендердің батиметриясын жүргізуді, сондай-ақ су тасқыны құбылыстары жиі орын алатын елді мекендердің „цифрлық рельефін“ құруды тапсырды», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар
telegram