Елімізде суррогат шарты негізінде босанған аналар туралы мәлімет құпия саналады
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде суррогат шарты негізінде босанған аналар туралы мәлімет құпия саналады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті.
Суррогат ана талаптарға сәйкес туған баланы онымен суррогат ана болу шартын жасасқан адамдарға беруге міндетті.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 59 бабына сәйкес, ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) суррогат ана болу шарты негізінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде туған баланың ата-аналары саналады. Суррогат ана болу шартын жасасқан жұбай (тапсырыс беруші) бала туғаннан кейін туу туралы медициналық куәлікте оның анасы болып жазылады», - деп атап өтеді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, ерлі-зайыптылардың (тапсырыс берушілердің) баладан бас тартуы оның туылғаны тіркеуші органда тіркелгеннен кейін белгіленген тәртіппен ресімделеді.
«Суррогат анамен шарт жасасқан ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан жағдайда, ана болу құқығы өз қалауы бойынша суррогат анада қалатын болады. Ал ол бас тартқан жағдайда, бала мемлекет қамқорлығына беріледі. Ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) баладан бас тартқан кезде және баланы суррогат ана қабылдап алған кезде бұл адамдар суррогат анаға шартта белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтемақы төлеуге міндетті. Елімізде суррогат шарты негізінде босанған аналар туралы мәліметтер құпия болғандықтан, тікелей мәміленің жасалған жерінен немесе жеке ЭКҰ орталықтарынан алынатындығын хабарлаймыз», - делінген ведомство берген жауапта.
Бұған дейін суррогат ана қызметіне жүгінген ерлі-зайыптылардың міндетін жазған едік.