Елімізде табиғи мультиақуыздық шикізат пен пробиотиктер қосылған құрама жем әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі мал шаруашылығының дамуы экономикалық тұрғыдан тиімді және биологиялық құндылығы жоғары азықпен қамтамасыз етуге тікелей байланысты болып отыр. Дәстүрлі ақуыздық компоненттердің, әсіресе ақуызға бай қоспалардың қымбаттауы өнімнің өзіндік құнын арттырып, оның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Осы мәселені шешу мақсатында отандық ғалымдар қымбат ақуыздық компоненттерді алмастыру арқылы мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын азайтуға мүмкіндік беретін құрама жем технологиясын әзірлеп жатыр.

Елімізде табиғи мультиақуыздық шикізат пен пробиотиктер қосылған құрама жем әзірленіп жатыр
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінен

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұл жұмыстар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы мамандары тарапынан жүргізіліп келеді. Жоба аясында жануарлардан алынатын табиғи мультиақуыздық шикізат, оның ішінде ет өңдеу өнеркәсібінің қалдықтары – ет-сүйек, қан және сүйек ұны, сондай-ақ гидролизаттар пайдаланылады. Аталған компоненттер толыққанды ақуыз, алмастырылмайтын аминқышқылдары мен минералды заттардың маңызды көзі саналады.

Әзірленіп жатқан технология физика-химиялық қасиеттері әртүрлі шикізатты өңдеу ерекшеліктерін ескереді және ұсақтау, араластыру процестерін оңтайландыруға бағытталған. Бұл құрама жемнің біртектілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Сонымен қатар жем құрамына ірі қара малдың микрофлорасын тұрақтандыруға, қоректік заттардың сіңімділігін арттыруға, зат алмасу процестерін жақсартуға және асқазан-ішек жолдарының ауруларының алдын алуға ықпал ететін пробиотикалық қоспалар енгізіледі. 

Мультиақуыздық шикізат пен пробиотиктерді бірге қолдану малдың өнімділігін арттыруға, азық конверсиясын жақсартуға және қоректік заттардың жоғалуын азайтуға бағытталған. Жобаның жүзеге асырылуы құрама жемнің өзіндік құнын төмендетуге, қайталама ресурстарды тиімді пайдалануға және қайта өңдеу кәсіпорындарына түсетін экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. 

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы жануарларына арналған табиғи мультиақуыздық шикізат қосылған, пробиотиктері бар, құнарлылығы жоғары және жеңіл қорытылатын құрама жем өндіру технологиясын жасау. Бұл технология мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. 

Еске салсақ, бұдан бұрын ауыл шаруашылығы саласында екі ақпараттық жүйе әзірленіп жатқанын хабарлағанбыз.