Қыс қарлы болады деген мәлімет бар, тасқынға дайындаламыз - ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде көктемгі су тасқынын болжау және алдын алу шараларына дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Толығырақ Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомет Ахриев айтып берді. 

Атырау облысындағы су тасқыны
Фото: Атырау облысындағы су тасқыны\ Kazinform

- Су тасқынына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Тасқынмен күрес іс-шараларына қанша күш пен қаражат жұмсалатынын нақты білеміз. Шамамен 40 мың адам тартылады. Сондай-ақ, ақпан айының 5-6-да «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуды өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл оқу-жаттығу жаңа форматта өтеді. Осылайша, ақпан айында оңтүстік және батыс аймақтарда, ал наурызда солтүстік және басқа да өңірлерде оқу-жаттығу өткізгелі отырмыз, - деді Магомет Ахриев ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

ТЖМ өкілінің айтуынша, штаб Атырау облысында болады.

- Су тасқыны болжамына келсек, біз қиын жағдайға дайындалып жатырмыз. Бізде биыл қыс қарлы болады деген мәлімет бар. Қалай болғанда да, біз қиын сәтке дайындалып, қалай болатынын қарастырамыз, - дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында су тасқынын ғарыштан болжауға арналған қазақстандық ақпараттық жүйенің мүмкіндігіне шолу жасаған едік. 

Соңғы жаңалықтар