Елімізде тағы үш жер серігі құрастырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында жер серіктерін байланыс саласына тарту жұмысы жалғасатынын айтты.
«Жердің қашықтан зондтау жобаларына тоқталсақ, түсіру мүмкіндігі орта деңгейдегі үш жер серігін жасау туралы келісімшартқа қол қойылды. Ол жер серіктерін іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, Моңғолиямен жер серігін өндіріп, экспорттау туралы келісімшартқа қол қойылды. Геостационарлық емес байланыс жүйесіне келсек, OneWeb жерүсті стансасы қолданысқа берілді. 1800 мектеп Starlink арқылы интернетке жалғанды. 2026 жылы Amazon Kuiper және SpaceSail жүйелері арқылы шалғай өңірлерге интернет жеткізу жоспарланған», - деді ведомство басшысы.
Жаслан Мәдиев KazSat-3 жер серігінің келешегіне де тоқталды.
«KazSat-3R жобасы туралы айтсақ, KazSat-3 жер серігін ауыстыру 2029 жылға жоспарланып отыр. Бұл жерсерік байланысы мен ТV-көрсетілімді үздіксіз беру үшін керек. Қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Жер серігін жасау келісімшартына 2025 жыл қол қою жоспарланған», - деді министр.
Осыған дейін Қазақстанның 2025 жылы ғарышқа өз зымыранын ұшыратыны туралы жаздық.