Елімізде тифлопедагогтер неге тапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны соңғы төрт жылда 26 пайызға өсіп, 237 мыңнан асты. Бұл оларды қолдауға қажетті арнайы педагогтерге, соның ішінде көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істейтін тифлопедагогтерге сұранысты арттырды. Мұндай балалардың әлемді танып, өздігінен өмір сүру дағдыларын қалыптастыруы үшін қандай қолдау қажет және салада қандай мәселелер бар? Осы сұрақтарға Астана қаласындағы №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның тифлопедагогі Ләззат Үсіпахметова жауап берді.

тифлопедагог
Фото: Kazinform / ЖИ

Көру қабілеті бұзылған балаларды қолдау: не өзгеруі керек?

Ләззат Үсіпахметова тифлопедагог мамандығын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың дамуына көмектесу үшін таңдаған.

– Тифлопедагогтің міндеті – баланың әлеуетін ашуға, дамуына жағдай жасау, – деді маман.

Ләззат Үсіпахметованың сөзінше, тифлопедагогтерге сұраныс жоғары болғанымен, жастар арасында мамандыққа қызығушылық төмен. Сондықтан ол кадр даярлау жүйесін жетілдіріп, арнайы педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту қажет деп санайды.

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – тифлопедагогтерді даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны.Сондықтан маман даярлау аясын кеңейтіп, мемлекеттік білім гранттарын көбейту қажет. Сонымен бірге болашақ мамандардың практикалық дайындығына басымдық беріп, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау маңызды. Арнайы педагогтердің жалақысын да жұмысының күрделілігі мен жауапкершілігіне сай көтеру керек. Өйткені олардың міндеті сабақ өткізумен шектелмейді. Әр баланың ерекшелігін зерделеу, түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу, жеке бағдарламалар әзірлеу, ата-аналармен байланыс орнату және басқа педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету де осы мамандардың жұмысына кіреді, – деді ол.

стана қаласындағы №2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның тифлопедагогі Ләззат Үсіпахметова
Фото: Ләззат Үсіпахметованың жеке мұрағатынан

Кадр мәселесімен қатар, тифлопедагог жұмысының тиімділігі арнайы құрал-жабдықтардың қолжетімділігіне де байланысты. Сабақ барысында маман Брайль қарпіндегі принтерлер мен дисплейлерді, дыбыстайтын бағдарламаларды, электронды үлкейткіштерді, тактильді кітаптар мен көлемді модельдерді қолданады. Бұл құралдар оқу материалын баланың көру мүмкіндігіне бейімдеп, ақпаратты өздігінен меңгеруіне мүмкіндік береді.

Оқыту тәсілдері қандай?

Балалардың көру мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, тифлопедагог оқыту әдісін де соған қарай бейімдейді. Бір бала жарық пен түстерді ажыратса, екіншісі заттарды тек жақыннан көреді, ал кейбірі мүлдем көрмейді. Сондықтан сабақ барысында бірнеше сезім мүшесін қатар қамтитын мультисенсорлық тәсіл қолданылады.

– Көру қабілеті бұзылған бала қоршаған ортаны есту, сипап сезу, иіс сезу, дәм сезу, қозғалыс және жеке тәжірибе арқылы таниды. Сол себепті бір ұғымды түсіндіргенде бірнеше сезім мүшесін қатар пайдалануға тырысамыз. Басты мақсат – баланың атауды жаттап алуы емес, заттың немесе құбылыстың мағынасын түсініп, оны өз сөзімен жеткізе алуы, – деді Ләззат Үсіпахметова.

Бұл тәсіл әсіресе тікелей көру арқылы қабылдау қиын абстрактілі ұғымдарды түсіндіруде маңызды. Мәселен, түстерді таныстыру үшін маман оларды баланың күнделікті өмірде білетін заттарымен байланыстырады. Қызыл түсті жылумен немесе бұрыштың ащылығымен, көкті салқын сумен, сарыны лимон мен бананның түсімен салыстырады. Ал ақ түсті қардың тазалығы мен жеңілдігі арқылы сипаттайды. Осылайша бала түсті көрмесе де, онымен байланысты түсінік қалыптастырады.

Табиғат құбылыстарын да балаға сезіну арқылы түсіндіреді. Жаңбыр туралы айтқанда тамшылардың қолшатырға немесе терезеге тырсылдап түскен дыбысын тыңдатып, алақанына жаңбыр тамшыларын сезіндіреді. Қардың суықтығы мен жұмсақтығын ұстап көру арқылы таныстырады. Желді түсіндіру үшін оның бетке тиген қозғалысын сезініп, жапырақтардың сыбдырын тыңдатады.

Ал ғарыш пен ғаламшарлардың қозғалысы сияқты күрделі тақырыптарды меңгерту үшін тактильді модельдер мен көлемді макеттер пайдаланылады. Мысалы, шамды күннің шартты моделі ретінде алып, баланың белгіленген бағытпен қозғалуын ұйымдастыру арқылы орбита туралы бастапқы түсінік қалыптастырады. Ай фазаларын пластилиннен әртүрлі пішін жасау арқылы көрсетеді.

Дегенмен баланың алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуы да маңызды. Сондықтан тифлопедагогтер кеңістікте бағдарлау дағдыларын біртіндеп дамытады. Әуелі өз бөлмесінде, кейін пәтерде, кіреберісте және аулада бағыт табуға үйретеді. Келесі кезеңде таныс емес кеңістікте де өздігінен бағдарлануына жағдай жасайды.

Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше маманның бірлескен қолдауын қажет етеді. Тифлопедагогпен қатар психолог, дефектолог, ата-ана және білім беру ұйымының педагогтері де қатысады. Олардың үйлесімді жұмысы баланың ғимарат ішінде еркін қозғалуына, қажетті бөлмелерді өздігінен табуына, қатарластарымен араласуына және қоғамдық ортада өзін қауіпсіз сезінуіне көмектеседі.

тифлопедагог
Фото: Kazinform / ЖИ

Ерекше балаға қандай мүмкіндік беру керек?

Көру қабілеті бұзылған баланың дербестігі ең алдымен күнделікті тұрмыста қалыптасады. Сондықтан ата-ананың міндеті – барлық әрекетті баланың орнына орындау емес, оған өздігінен үйренуге мүмкіндік беру. Мәселен, көзі көретін бала күртесін жарты минутта кисе, көру қабілеті бұзылған балаға бес минут немесе одан да көп уақыт қажет болуы мүмкін. Мұндайда оны асықтырмай, әрекетті өз бетінше аяқтауына жағдай жасаған жөн.

– Жеңін бірден таба алмаса немесе түймесін сала алмаса, «Кел, мен өзім істей салайын» деп асықпау керек. Оның орнына «Алдымен өзің жасап көр, қажет болса, көмектесемін» деп қолдау көрсеткен дұрыс, – деді маман.

Осындай қарапайым әрекеттер баланың күнделікті дағдыларын дамытады. Суды бір ыдыстан екіншісіне құю қимыл-қозғалыс үйлесімділігін жетілдірсе, киімін шкафтан өзі табу есте сақтау мен сипап сезу қабілетін қалыптастырады. Дастарқан жаю кеңістікте бағдарлауға, дүкенге бірге бару адамдармен қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ал ата-ананың айналадағы заттар мен құбылыстарды сөзбен сипаттауы баланың сөздік қорын молайтып, қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді.

Дегенмен кейбір ата-аналар баласы құлап қалады немесе жарақат алады деп алаңдап, оның өздігінен әрекет етуіне шектеу қояды. Маман мұндай шамадан тыс қамқорлық баланың дербестігіне және әлеуметтік ортаға бейімделуіне кері әсер ететінін ескертеді.

– Қауіпсіздік бірінші орында болуы керек. Бірақ қамқорлық тыйымға айналмауы тиіс. Балаға қоршаған ортаны зерттеуге, заттарды қолымен ұстап көруге, өздігінен әрекет етуге мүмкіндік беру қажет. Өйткені сипап сезу – көру қабілеті бұзылған бала үшін әлемді танудың маңызды тәсілдерінің бірі, – деді ол.

Ләззат Үсіпахметованың байқауынша, кейбір ата-аналар баласы жеті жасқа келсе де, оны өздері тамақтандырып, киіндіріп, қатарластарымен араласуына шектеу қояды. Соның салдарынан бала өздігінен шешім қабылдау, дос табу және қоғамдық ортада әрекет ету тәжірибесінен қағылады. Сондықтан оның тұрмыстық дағдыларымен қатар, әлеуметтік қарым-қатынасын да дамыту маңызды.

Бұл үдерісте отбасыға мамандардың қолдауы қажет. Көру қабілетіндегі ерекшелік анықталған сәттен бастап тифлопедагог, психолог және басқа да мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Әсіресе мектепке дейінгі кезеңде сенсорлық даму, кеңістікте бағдарлау, сөйлеу және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын қалыптастыруға басымдық берілуі керек.

Баланың дамуына қажетті жағдай жасау білім беру ұйымдарының да жауапкершілігіне кіреді. Ләззат Үсіпахметованың айтуынша, инклюзивті білім беру бағытында оң өзгерістер болғанымен, барлық балабақша мен мектеп көру қабілеті бұзылған балаларды қабылдауға толық дайын емес. Кейбір ұйымдарда арнайы жабдықтар, бейімделген оқу материалдары мен білікті мамандар жетіспейді.

– Инклюзия баланы мектепке немесе балабақшаға қабылдаумен ғана шектелмеуі керек. Ең бастысы, оның сапалы білім алуына, еркін қозғалуына, оқу үдерісіне қатысуына және қоғаммен араласуына қажетті жағдай жасалуы тиіс, – деп түйіндеді маман.

Еске салайық, астаналық оқушылар инклюзияны дамытуға арналған жаңа робот құрастырып жатыр.