Елімізде тұрмыстық қалдықтардың 24% ғана сұрыпталып, қайта өңделеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қалдықтарды сапалы қайта өңдеудің негізгі проблемасы – қалдықтарды сұрыптау және отандық қайта өңдеу зауыттарының сапасыз шикізатпен жүктелуі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті.

проект по переработке пластиковых отходов Rocket Plastic
Фото: Rocket Plastic

«Қалдықтарды қайта өңдеу саласында бірқатар жүйелі проблема бар. Ең алдымен, отандық қайта өңдеушілер зауыты сапасыз қайта өңделетін заттарға толы. Бұл үшін қайта өңделетін шикізатты бөлек жинауды жолға қою қажет. Өйткені қайта өңделетін пайдалы қалдықтар басқа да қалдықтармен араласып жатыр», - деді Жомарт Әлиев Қазақстанда қайталама шикізатты қайта өңдеу мәселелеріне арналған конференцияда. 

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша 2023 жылы Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 24%. Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға дейін қайта өңдеу үлесі 40%-ға жетуі тиіс.

Сондай-ақ, вице-министр қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға және оны пайдаға жаратуға мән берілетінін айтты. 

Айта кетейік, бүгін Астанада қайталама шикізатты қайта өңдеу саласының проблемалары мен перспективалары талқыланған халықаралық конференция өтті.

Соңғы жаңалықтар