Елімізде ұшақтар көбінесе қандай құстармен соқтығысады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әуе кемелері көбінесе шағалалармен, қарға тұқымдасына жататын құстармен, кептерлермен және жыртқыш құстармен соқтығысады. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, аталған құстар еліміздің барлық аумағында кеңінен таралған. Олар тамақ, су және тынығатын жер іздеп, әуежайларға жақын аумақтарда жиі кездеседі.
– Құстармен соқтығысу жиілігі олардың санына, жыл мезгіліне және әуеайлақтардың құстар шоғырланатын орындарға қаншалықты жақын орналасқанына байланысты. Әсіресе көктемгі және күзгі көші-қон кезеңдерінде құстардың саны мен қозғалыс қарқындылығы артуы мүмкін. Сонымен қатар жазда, балапандар пайда болған кезде де соқтығысу қаупі жоғарылайды, - делінген жауапта.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының мәліметінше, әуеайлақ аумағында және оның маңында көл шағаласы, күміс шағала, қара және сұр қарға, көк кептер, сұр құтан, күйкентай, саз құладыны, сауысқан, қарлығаш пен торғай кездеседі.
Әуежай мамандарының түсіндіруінше, ірі денелі және топталып ұшатын құстар әуе кемелеріне көбірек қауіп төндіреді. Қауіп деңгейін бағалағанда құстардың көлемі ғана емес, олардың саны мен ұшақтар қозғалатын аймақтарға жақындығы да ескеріледі.
Ал Авиациялық әкімшілік мұндай қауіп тәуліктің құстар белсенді болатын жекелеген уақыттарында да байқалуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан әр әуежайда жергілікті табиғи жағдай мен құстардың қозғалыс ерекшеліктері ескеріледі.