Елімізде заң бұзған ойын бизнесі басшыларын жауапкершілікке тарту шаралары күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігі қаржылық мониторинг талаптарын бұзғаны үшін ойын бизнесін ұйымдастырушылардың басшылары мен жауапты қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтуді көздейтін түзету әзірледі.

казино, ойын бизнесі
Фото: Kazinform / ЖИ

Өзгерістерді қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуға қарсы іс-қимылға бағытталған ішкі бақылау қағидаларына енгізу ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, жоба бойынша талаптарды бұзғаны үшін тек ұйымдардың өздерін ғана емес, олардың басшылық құрамын және осы саладағы заңнама талаптарының сақталуына жауапты қызметкерлерді де жауапкершілікке тарту көзделген.

Министрлік түзетулер FATF халықаралық стандарттарын ескере отырып әзірленгенін түсіндірді. Айта кетейік, ұйымдарға да, сондай-ақ әрекеті немесе әрекетсіздігі заң бұзушылыққа әкеп соққан лауазымды тұлғаларға да санкция қолдануды көздейтін норма 35-ұсынымда қарастырылған.

Жаңа нормалар ішкі бақылау рәсімдерін ұйымдастыру мен олардың орындалуына басшылық пен жауапты қызметкерлердің жеке жауапкершілігін бекітуге мүмкіндік береді.

Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 13 қарашаға дейін жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардан 124,8 млн теңгеден астам қаржы өндірілгенін жазғанбыз.