Елімізде жалдамалы баспана қандай тәртіппен беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жалдамалы баспана тұрғын үй кезегіне қойылған күні мен отбасының табысына қарай бөлінеді. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтып берді.
Оның айтуынша, тұрғын үй реформасынан кейін жалдамалы баспананы бөлу тәртібі өзгерген.
— Жалдамалы баспана тұрғын үйге мұқтаж азаматтың кезекке қойылған күні мен отбасының табыс деңгейіне қарай бөлінеді. Биылғы сегіз айда азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді, — деді Бақытжан Жүнісбеков.
Сонымен қатар ведомство өкілі 2024 жылдың желтоқсанынан бастап азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіруге мүмкіндік берілгенін атап өтті. Содан бері бұл мүмкіндікті 20 мыңнан астам азамат пайдаланған.
— Ал биылғы сегіз айда 6 824 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспанасын жекешелендірді. Оның 3 649-ы баспанасын өтеусіз негізде жекешелендіруге мүмкіндік алды, — деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, елімізде табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына пәтер жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет өтейді. Алайда бағдарлама талаптары сақталмаса, субсидия тоқтатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына пәтер жалдау ақысының бір бөлігін мемлекет өтейтіні хабарланған еді. Қазір мұндай көмекті 11 200 отбасы алып отыр. Бағдарлама талаптары сақталмаған жағдайда субсидия төлеу тоқтатылады.