Елімізде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM - Бұл туралы Астанада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен ведомство алқасының отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шарушылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Отрыыста Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов тозған жерлерді қалпына келтіру, жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту және жер саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Айтуынша, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру 100 пайыз аяқталған. Егістік, жайылым және шабындық жерлердің түрлері бойынша цифрлық карталар жасалған.
Келесі кезеңде Жер ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасы құрылады.
-2027 жылға қарай платформа жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуді жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект пайдаланылмай жатқан жерлерді автоматты түрде анықтауға, тозған аумақтарды белгілеуге, топырақ эрозиясы мен тұздану үдерістерін талдауға, сондай-ақ өнімділікті болжауға және тыңайтқыштарға деген қажеттілікті дәл есептеуге мүмкіндік береді, – деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар министрлік топырақтағы көміртек мөлшерін бақылау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны әзірлеп жатыр. Бұл көміртек құрамының өзгерісін бақылауға, егістік өнімділігін арттыруға және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне «жасыл» инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Пайдалану кезінде Жер заңнамасын бұзған оқиғалар бойынша жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жүріп жатыр.
-2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15 млн гектар жер қайтарылып, оның 11,3 млн гектары қайта бөлінді. Соның ішінде 4,2 млн гектар жер ортақ пайдалануға берілді. Нәтижесінде жайылым тапшылығы 3,5 млн гектарға дейін қысқарды,-делінген хабарламада.
Алқа отырысының қорытындылаған Айдарбек Сапаров топырақ эрозиясымен күрес жөніндегі Жол картасын іске асыруды жандандыру және ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдарды басқарудың өзекті жоспарларын бекіту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Облыс әкімдіктеріне мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін толық көлемде айналымға енгізу, өсімдік шаруашылығымен айналысатын ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамытуға тарту арқылы ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Алқа отырысына ҚР АШМ-ге қарасты ұйымдардың басшылары, облыстар мен Шымкент қаласы әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ауыл шаруашылығы, ветеринария және балық шаруашылығы басқармаларының басшылары, жер ресурстарын басқару департаменттерінің және министрліктің аумақтық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, елімізде әр 3-5 жыл сайын топырақты міндетті зерттеу ұсынылды.