Елімізде жеке адамдар автокөлік пен баспананы лизингке алуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық экономика министрлігі жеке тұлғалар үшін қаржы лизингін енгізуге қатысты түсінік берді.

Коллаж
Фото: Kazinform

«Халықтың шамадан тыс кредит алу деңгейін төмендету және азаматтардың әлеуметтік игілігі мақсатында жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары заңнамалық актілерге жеке кәсіпкер саналмайтын жеке тұлғалар үшін лизинг енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар блогына бастама жасады. Бұл түзетулер Үкіметпен келісу рәсімінен өтіп жатыр», - делінген Ұлттық экономика министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бастама жасалған түзетулер жеке кәсіпкер санатына жатпайтын жеке тұлғаларды қосу есебінен, яғни лизинг алушы ұғымын кеңейту арқылы жеке адамдарға арналған лизинг енгізуге бағытталған.

«Түзетулерде жеке тұлғалардың шарттары бойынша лизинг нысаны ретінде мемлекеттік тіркеуге жататын жеке тұрғын үй, пәтер, автомобиль болуы мүмкін деп ескерілген», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.

Атап айтқанда, мерзімі өткен борыштың мөлшерін шектеу үшін төлемді кешіктіру 90 күннен асқаннан кейін лизинг шарты бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын есептеуге тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ түзетулер жобасында лизинг алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар қамтылған.

 

Соңғы жаңалықтар