Елімізде жеке сот орындаушыларының саны қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет сағатында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев сот орындаушылар саласын жетілдіруге қатысты түсінік берді.

борыш
Фото: pexels.com

— Мәжбүрлеп орындату — Әділет министрлігінің негізгі бағыттарының бірі және сот төрелігін жүзеге асырудың соңғы сатысы ретінде тиімді, жедел және әділ болуы қажет. Бүгінгі таңда атқарушылық құжатты орындау мемлекеттік және жеке сот орындаушыларына жүктелген. Жеке сот орындаушылар институтын енгізу кезінде мәжбүрлеп орындату жүйесі ұқсас елдердің (Франция, Германия, Бельгия, Нидерланды) тәжірибесі ескерілді. Жеке орындау институтын енгізумен бірге, осы саланы цифрландыру нәтижесінде орындаудың тиімділігі едәуір артты. Егер 2010 жылы бір сот орындаушысы (мемлекеттік қызметші) жылына орта есеппен 270 құжатты толық көлемде орындаса (жеке орындау институтын енгізгенге дейін), 2024 жылы ақпараттық жүйенің мүмкіндіктерін кеңейту арқасында бір жеке сот орындаушысы 1 229 құжатты толық көлемде немесе 5 есе көп орындаған. Сондай-ақ, баламалы орындауды енгізудің артықшылығы мемлекеттің атқарушылық жүйені қаржыландыруға жұмсалатын шығыстарын мемлекеттік сот орындаушылар штатын оңтайландыру жолымен (жыл сайын шамамен 1,5 млрд теңге) төмендетуі болды, — деді Е. Сәрсембаев.

Оның айтуынша, қазір жеке сот орындаушылардың саны 2 101 адамды құрады, ал олардың еңбекақысы өндірілген соманың пайызынан құралады.

— 2015 жыл мен 2024 жылға дейінгі кезеңде атқарушылық құжаттар тізбесі 10-нан 17-ге дейін ұлғайюы атқарушылық құжаттар санын көбейтті (2021 ж. — 6,7 млн, 2022 ж. — 7,8 млн, 2023 ж. — 9,1 млн, 2024 ж. — 9,2 млн). Былтыр орындауда 13,5 трлн теңгені құрайтын 9,2 млн атқарушылық құжат болды. Өндіріп алушыларға өтелген сомасы 469 млрд теңгені құрады. Атқарушылық құжаттар бойынша мемлекет пайдасына 57,7 млрд теңге өндірілді. Республикалық бюджетке өндірілген атқарушылық санкция 2,4 млрд теңгені құрады, — деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әділет министрлігі цифрлық сот орындаушы жүйесінің алғашқы нәтижелерін таныстырды

Соңғы жаңалықтар