Елімізде жемқорлықпен күрес қалай жүргізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 18 қараша – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні. Осыған орай Kazinform тілшісі қызметтің қалыптасу тарихы мен құрылымындағы өзгерістерге, маман даярлау жүйесі мен елдегі жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелеріне шолу жасады.
Тарихы мен құрылымындағы өзгерістер
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының тарихы 2014 жылдан басталады. Дәл осы жылдың 18 қарашасында Қазақстан заңнамасында алғаш рет «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары» деген ұғым пайда болды. Ал 2015 жылғы 18 қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды.
Кейін, 2019 жылғы маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро дербес органға айналып, Президентке тікелей бағынатын агенттік құрылды. Жұртшылық арасында бұл ведомство Антикор деген атаумен танылды.
2024 жылы 18 қараша кәсіби мереке ретінде бекітілді. Алайда арада бір жыл өтпей, ведомство қайта құрылымдалды. 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлыққа сәйкес, Антикор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына қосылып, оның негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тиісті саясатты қалыптастыру және қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту міндеттері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімге қатысты Антикор жұмысына наразылық болмағанын, алайда екі ведомствоның бір бағытта жұмыс істеуі тиімділікке кері әсер ете бастағанын түсіндірген еді.
Құрылым өзгергенімен, қызметтің негізгі функциялары сақталды. Қолданыстағы ережеге сәйкес, ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтап, жолын кеседі, мұндай фактілер туралы хабарлаған азаматтарды қорғайды және осы істер бойынша тәркіленген мүлікті есепке алу мен оны іске асыруға жауап береді.
Қызметке кімдер қабылданады?
Аталған органға жұмысқа орналасу үшін үміткерлерге бірқатар талап қойылады. Кандидаттың кәсіби білімімен қатар жеке қасиеттері, денсаулығы мен физикалық дайындығы да ескеріледі.
Антикор қайта ұйымдастырылғанға дейін, 2023 жылғы тәртіп бойынша, қызметке 18-35 жас аралығындағы, жоғары заңгерлік, экономикалық немесе қаржылық білімі бар Қазақстан азаматтары қабылданды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Оның ішінде тестілеу, әңгімелесу, әскери-дәрігерлік комиссия, полиграфологиялық тексеру және заңнамалық актілер бойынша емтихан бар. Одан өткен үміткерлер Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында алты айлық бастапқы даярлықтан өтті. Оның бес айы теориялық және практикалық сабақтарға, бір айы тағылымдамаға арналды.
Құрылымдық өзгерістерден кейін де маман даярлауда Академияның рөлі сақталып отыр. Өткен жылы желтоқсанда мұнда ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне арналған бастапқы даярлықтың алғашқы түлектері оқуын аяқтады.
– Салаға келуді жоспарлаған жастар жоғары оқу орындарында «Құқық» білім беру бағдарламасы бойынша білім ала алады. Аталған бағытқа түсу үшін ҰБТ-да Дүниежүзі тарихы және Құқық негіздері пәндерінен тест тапсыру қажет.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе ҰҚК Шекара қызметінің қатарында қызмет етуге ниетті азаматтар бірқатар талапқа сай болуы тиіс. Үміткер әрекетке қабілетті, 18 жастан асқан болуы керек. Сонымен бірге оның моральдық, кәсіби және жеке қасиеттері, дене дайындығы мен денсаулық жағдайы ескеріледі, – делінген ведомствоның ақпаратында.
Статистика не дейді?
Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нәтижесін анықталған құқық бұзушылықтар мен мемлекетке келтірілген залал көлемінен байқауға болады. Соңғы жылдардағы статистика бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
2023-2025 жылдары Қазақстанда 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған. Қалған фактілер өзге тұлғаларға, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты. Анықталған істер бойынша жалпы сома 248 млрд теңгеден асады.
Ал биылғы жылдың алғашқы он айында 751 құқық бұзушылық тіркелді. Оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге, 205-і басқа тұлғаларға, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне тиесілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ашықтықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамнан ештеңені жасыруға болмайды, ал лауазымды тұлғаларға қатысты барлық дерек мұқият тексерілуі тиіс.
– Сыбайлас жемқорлық ахуалы әлі де күрделі, бірақ біз қоғамнан ештеңені жасырмаймыз. Біз бұл саладағы жағдайды да, жемқорлықты ауыздықтау үшін қабылданған және қабылданып жатқан шараларды да ашық айтамыз. Сондықтан түрлі деңгейдегі басшылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысты барлық ақпарат ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тарапынан Бас прокуратураның қатысуымен жедел әрі мұқият тексеріледі, – деді Президент.
Мемлекеттік сектордағы соңғы оқиғалар да бұл мәселені күн тәртібіне шығарды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуын мемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлықтың ауқымды екенін көрсететін маңызды белгі деп атады.
Бұл оқиғаларға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде Үкіметке 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықпен күрес жөніндегі нақты шараларды ұсыну тапсырылды.
Осы істердің аясында 12 қарашада әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің маңында шашылып жатқан доллар бейнеленген видео тарады. Желі қолданушылары қаражаттың басшылармен байланысы болуы мүмкін деген болжам жасады.
Президент бұл жағдайға да тоқталып, тергеу енді басталғанын және оның барысына қатысты мәліметтерді алдын ала жариялауға болмайтынын ескертті.
Мемлекет басшысы бұл істі жаңа Конституцияда бекітілген «Заң және тәртіп» қағидатынан кейін мемлекеттік компанияларда қозғалған алғашқы ірі сыбайлас жемқорлық ісі деп атады. Сондай-ақ лауазымына, еңбегіне немесе байланыстарына қарамастан, ешкім заң алдында артықшылыққа ие болмауы керектігін атап өтті.
Жаңа міндеттер мен бақылау тетіктері
Жемқорлықпен күрес қылмысты анықтап, кінәлілерді жауапқа тартумен шектелмейді. Мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау, ірі жобалардағы тәуекелдердің алдын алу және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту де маңызды. Президенттің соңғы тапсырмалары осы бағыттарға басымдық беріп отыр.
Мәселен, Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық топтары инфрақұрылымдық жобалардың беделіне нұқсан келтіріп, олардың орындалуына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті.
Мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын бақылау үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылады. Президенттің мәліметінше, оның құрамы келесі аптаның басында жариялануы тиіс.
Бұл міндеттер ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысына да қатысты. Осы аптада Президент Марат Ирменовті ҰҚК төрағасы етіп тағайындады. Ол 2022 жылғы қаңтардан бері комитетті басқарған Ермек Сағымбаевтың орнына келді.
Жаңа басшыны тағайындау кезінде Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмыс тәсілдерін қайта қарап, тиімділігін арттыруды тапсырды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту міндеттерін белгіледі.
Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға, экономикалық саладағы ұлттық мүдделерді қорғауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға басымдық беруді тапсырды.
Айта кетейік, жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы 2027 жылы басталады.