Елімізде жыл сайын 36 мың нейрохирургиялық операция жасалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған VI Қазақстан нейрохирургтері конгресі өтіп жатыр. Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі мәлім етті.
Іс-шараға нейрохирургия саласындағы жетекші отандық мамандар, Нейрохирургия ұлттық орталығының өкілдері, еліміздің өңірлерінен келген дәрігерлер, сондай-ақ резиденттер мен жас мамандар қатысуда. Жалпы алғанда, Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 200 делегат жиналды.
— Конгресс барысында нейрохирургиялық қызметті дамытудың өзекті мәселелері, нейрохирургиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері, күрделі клиникалық жағдайлар, өңірлік нейрохирургияны дамыту перспективалары және жаңа технологияларды практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мәселелері қарастырылды, — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Конгресс қатысушыларын құттықтай отырып, елімізде нейрохирургиялық көмектің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасқанын және жоғары технологиялық медицинаның қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
— Елімізде жыл сайын 36 мыңнан астам нейрохирургиялық операция жасалады. Клиникалық тәжірибеге заманауи микронейрохирургиялық технологиялар, аз инвазивті және эндоскопиялық араласулар белсенді түрде енгізілуде. Конгресс кәсіби диалог жүргізуге, тәжірибе алмасуға және күрделі клиникалық жағдайларды талқылауға арналған бірегей алаң болып табылады, — деп атап өтті министр.
Өз кезегінде Қазақстан нейрохирургтар қауымдастығының президенті, академик Серік Ақшолақов Конгресс елдегі нейрохирургиялық қызметті дамыту, жаңа технологияларды енгізу және кадрлар даярлау мәселелерін талқылауға арналған дәстүрлі алаңға айналғанын айтты.
Іс-шараның маңыздылығын арттыра түсетін жайт — Конгрестің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында өткізілуі.
— Тәуелсіздік жылдары ішінде отандық нейрохирургия мамандандырылған орталықтарды құрудан және кадрлар даярлаудан бастап, халықаралық стандарттар деңгейіндегі жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізуге дейінгі ауқымды даму жолынан өтті, — деді академик.
Бүгінде қазақстандық нейрохирургтер халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысып, жетекші салалық басылымдарда мақалаларын жариялап, еліміздің атынан әлемдік кәсіби алаңдарда табысты өнер көрсетіп отыр.
Осындай ғылыми-практикалық іс-шараларды өткізу отандық нейрохирургияның одан әрі дамуына, медициналық көмектің сапасын арттыруға және жас мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге ықпал етеді.
Айта кетейік, ана өлімі, онкология сондай-ақ вакцинация бойынша өңір дәрігерлеріне міндет жүктеді.