Елімізде жұмыртқа арзандады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша биылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша республика бойынша жыл басынан бері ӘМАТ бағасының тұрақты деңгейі сақталып отыр. Бірнеше тауар санаттары бойынша бағаның тұрақты төмендеуі тіркелді.

Мәселен, биылғы жылдың басынан бастап жұмыртқа бағасы 3,0% — ға төмендеді. Бұл тауар халықтың рационындағы негізгі тауарлардың бірі және оның тұрақты баға динамикасы үкімет пен бизнестің бірлескен жұмысының нәтижесі.
— Биылғы жылдың ақпан айында Сауда және интеграция министрлігі, салалық қауымдастықтар және сауда желілерінің өкілдері арасында меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес С1 санатындағы жұмыртқаның максималды сату бағасы ҚҚС есебімен бір данасына 55 теңгеден аспайтын көлемде белгіленді. Келісім шеңберінде сондай-ақ шекті сауда үстемесінің сақталуы және қосымша үстемеақылардың алынып тасталуы қамтамасыз етіледі, — делінген Сауда комитеті хабарламасында.
Осы шаралардың арқасында сәуір айында жұмыртқа бағасының индексі тұрақты болып қалды, ал соңғы аптаның қорытындысы бойынша (8-15 сәуір аралығында) баға өзгермеді. Мысалы, 2025 жылдың қаңтар айында С1 санатындағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 548 теңге, ақпанда — 546 теңге, наурызда — 536 теңге, ал сәуірде — 531 теңге болды.
Сонымен қатар, арзандаған тауарлар:
— Күріш — жыл басынан бері 4,7% — ға төмендеді,
— Ұн — 1,8%,
— Қарақұмық жармасы — 0,3%.
Сүзбе, күнбағыс майы және рожки сияқты маңызды өнімдердің тұрақты бағасы байқалады — соңғы аптаның қорытындысы бойынша баға индекстері өзгеріссіз қалды немесе 0,1% шамалы ауытқуды көрсетті.
Сонымен қатар, көкөніс бағасының орташа қымбаттауы байқалады: қырыққабат — 3,5%, сәбіз — 1,6%, пияз — 1,8% және картоп-1,7%. Көкөніс тобындағы бағаның өсуі маусымдық кезеңге байланысты. Әдетте маусымаралық сақтау мен логистика шығындарының артуына орай көкөніс бағасында өзгерістер болады.
Айта кетелік ең жоғары азық-түлік бағасының өсуі Ақмола облысында. Ең төмен өсім Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тіркелген еді.