Елімізде жұмысқа орналастырудың жаңа тәсілі енгізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға жасанды интеллект көмегімен бос жұмыс орындары ұсынылады. Цифрлық жұмыспен қамту қызметі аясында мансап орталықтары азаматтарға бір реттік кеңес берумен шектелмей, оларды жұмысқа орналасқанға дейін жүйелі түрде сүйемелдейді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа тәсілдің негізгі ерекшелігі – жұмыспен қамтуға мұқтаж азаматтарды мансап орталықтарына өздері жүгінгенге дейін анықтау. Ол үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде жұмыс іздеуі мүмкін адамдар айқындалып, оларға көмек ұсынылады.
Азаматтар жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін қызметтерді Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы пайдалана алады. Олардың келісімімен білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары туралы мәліметтер қамтылған цифрлық түйіндеме автоматты түрде жасалады.
Жасанды интеллект азаматтың біліктілігіне сай бос жұмыс орындарын іріктеп, жеке ұсынымдар әзірлейді. Ал ЖИ-көмекші ұялы телефон арқылы диалог форматында жұмыс істейді. Азамат одан еңбек жағдайларын нақтылап, өз талаптары мен қалауын жеткізе алады. Сондай-ақ бос жұмыс орындары, оқыту мүмкіндіктері және мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары туралы жеке ұсыныстар алады.
Жаңа қызмет тек цифрлық құралдар арқылы жұмыс іздеумен шектелмейді. Бұл ретте мансап орталықтарының мамандары азаматтарға жұмысқа орналасудың әр кезеңінде қолдау көрсетеді.
-Мамандар жұмыс іздеушілерге түйіндеме әзірлеуге, бос жұмыс орындарына өтінім беруге және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектеседі. Егер азамат жұмысқа орналаса алмаса, оның себептерін анықтап, алдағы әрекеттерді бірге жоспарлайды. Қажет болған жағдайда бос жұмыс орындарын іздеу жалғасады, түйіндеме жетілдіріледі немесе келесі сұхбаттасуға дайындық жүргізіледі. Осы жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін министрлік азаматтарды мамандарға бекітуге, консультациялар тарихын жүргізуге, алдағы іс-шараларды жоспарлауға және сүйемелдеу нәтижелерін бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды енгізіп жатыр,-делінген хабарламада.
Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жобасы 2026 жылғы шілдеден бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында іске асырылуда. Осы уақыт ішінде 59,2 мың азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шаралары ұйымдастырылып, 7,5 мың адам жұмысқа орналасты.
2026 жылдың соңына дейін қызметті еліміздің барлық өңіріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Жаңа тәсіл азаматтарға жекелеген қызметтер көрсетуден оларды жұмысқа орналасқанға дейін кешенді сүйемелдеуге көшуге мүмкіндік береді. Бұл ретте цифрлық технологиялар мен мансап орталықтары мамандарының жұмысы өзара ұштасады.
Осыған дейін елімізде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артқаны туралы жаздық.