Еліміздегі аудандық газеттерге мемлекеттік қолдау қажет – Айдос Сарым

Депутат
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Алматыда VIII сайланған Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиын Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kazinform.

Іс-шара барысында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасы талқыланды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Қоғамдық палата мүшелері, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, БАҚ жетекшілері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. Заң жобасын талқылау барысында жақсы ұсыныстар түсіп жатса, Мәжіліс депутаттары оны заңға енгізуге дайын. Бұл туралы Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым айтты.

«Бірқатар маңызды мәселе қарастырылды. Жиынның алғашқы бөлімінде де баспасөз туралы заң талқыланды. Егер жақсы ұсыныстар түсіп жатса, біз оны заңға енгізуге дайынбыз. Екіншіден, бүгінгі жиын заң ашық, анық түрде талқыланып, депутаттар өздері жиналып, қабылдаған заң болмасын деген ниеттен туындап отыр. Біз депутат Ермұрат Бәпи екеуіміз 30 шақты ұсыныс бердік. Ол негізінен аймақтық баспасөзді қолдау, дәстүрлі баспасөзді, яғни, газет, журналды тарату бойынша ұсыныстар беріп отырмыз. Мысалы, бұрын әр қалада газет, журнал сататын дүңгіршіктер желісі болатын, бүгінде олар жойылудың алдында тұр. Тек вокзал, үлкен супермаркеттерде болмаса, газет, журнал алатын жер жоқ. Меніңше осы желіні қайта қалпына келтіру керек, ол бизнес, ол жаңа жұмыс орындары», - деді Айдос Сарым.

Оның сөзінше еліміздегі аудандық газеттерге мемлекеттік қолдау қажет. 

«Үлкен республикалық газеттер өлсе де, аудандық газеттер өлмейді. Себебі, әр ауданда аудандық газет бар, ол кәдімгі орта. Оның бетінде халық бірін-бірі туған күндерімен құттықтап жатады, еске алуға шақырып жатады, бір-біріне жазатын уәждері бар, сондықтан аудандық газеттерге мелекеттік қолдау қажет. Себебі, олар сондай-ақ орта мен дәстүр қалыптастырып отыр. Бұл ретте біз баспа мәселесіне, газет, журналға салықтық жеңілдік беру мәселесін көтерудеміз. Жалпы, кітап білімнің бұлағы, газет өмірдің шамшырағы, үнжарғысы болып қала береді. Сол үшін мерзімді баспасөзді қолдау қажет», - деді Мәжіліс депутаты.

Айдос Сарым заң жобасын талқылау барысында журналистер қауымы өкінішке қарай баспасөз картасы, аккредитация деген мәселелерді ғана талқылап кеткенін айтты. 

«Меніңше ол ағаттық. Себебі, депутаттар мен Amanat партиясының өзі «баспасөзді шектей бермейік, журналистер қайда барса өздері біледі, олардың жолы жеңіл болу керек» деген мәселелерді көтеріп отыр. Жалпы, біз бүгін көріп отырмыз, біздің қоғам өкінішке қарай қазақтың тақырыбымен емес, Ресей Украина соғысы, Палестина Израиль соғысы тақырыбымен өмір сүріп жатыр. Сонда біздің елдегі мәселені кім көтереді? Ол үшін біздің баспасөз қызықты болуы керек. Онда өмір шындығы қайнап жатуы керек, айтылуы керек. Бұл ретте еркіндік те қажет, институционалды көмек те керек. Мемлекеттік тапсырыс ол – журналисттің ауызын бұғаттау емес, керісінше жолы мен мүмкіндігін ашу, ізденуге жол беру керек деген әңгімелер айтылып жатыр», - деді халық қалаулысы Айдос Сарым.

Соңғы жаңалықтар