Еліміздегі ауқатты жандардың саны белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 522 мың адам ауқаттылар сананатына жатады. Бұл туралы Құрылтай отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
— Қателеспесем, 522 мың адам бар. Оның 70 мыңнан астамы «А» санатына, қалғаны «В» санатына жатады. Қазір осы санаттарға талдау жүргізіліп жатыр. Әр адамға тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Қателікке жол берілмеуі керек. Біз мемлекеттің мүддесінен гөрі азаматтардың мүддесіне қарай қателескенді жөн көреміз, — деді Серік Жұманғарин.
Айта кетейік, отбасылар әл-ауқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлінеді:
· А — әл-ауқаты жоғары;
· В — ауқатты;
· С — әл-ауқаты қанағаттанарлық;
· D — экономикалық тұрғыдан осал;
· Е — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Отбасының қай санатқа жататыны бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Бағалау сегіз негізгі бағыт бойынша 59 көрсеткішті қамтиды.
Атап айтқанда:
· отбасының қаржылық жағдайы;
· мүлкі мен басқа да активтері;
· тұрғын үй жағдайы;
· жеңіл және коммерциялық көлігінің болуы;
· жер телімі мен жеке қосалқы шаруашылығы;
· отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуы;
· несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы;
· кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер.
Айта кетелік Forbes Қазақстанның 2026 жылғы ең ықпалды 50 кәсіпкерін атаған еді.