Еліміздегі ең көне католик шіркеуі Петропавлда орналасқан
Петропавлдың орталығында Қазақстандағы ең көне католик махаллаларының бірі – Исаның аса қасиетті жүрегі шіркеуі бар. Kazinform агенттігі тілшісінің материалында 100 жылдан астам уақыт бұрын салынған ғимараттың тарихы туралы баяндалады.
Мұрағат құжаттарына сәйкес, қаланың қақ ортасында орналасқан Қазақстан Конституциясы көшесіндегі ғибадатхананы 1911-1912 жылдары жер аударылған поляктар мен немістер салған.
Ол кезде Петропавлда 3 мыңнан астам діни қауым мүшелері тұрған. Ғибадатхананың аға попы Джозеф Сенвайтис болды.
«Киелі Қазақстан» энциклопедиясында облыстық мемлекеттік архивтегі құжаттарды құпиясыздандыру кезінде қалада Кеңес өкіметі кезінде 1928 жылға дейін Ленин көшесінде (қазіргі Қазақстан Конституциясы көшесі) орналасқан костелде рим-католиктік діндар тобы болғанын көрсететін құжаттар табылғаны туралы құжаттар табылды.
Костел туралы мәліметтер «Губерния атқару комитеті 1921–1928 жж. Ақмола әкімшілік бөлімі» қорының материалдарында бар. Әкімшілік бөлім сол жылдары діни бірлестіктер мен жамағаттарды тіркеп, бақылауға алған.
«ХІХ ғасырдың аяғында Петропавл қаласының рим-католик қауымдастығының өкілдері С. Р. Вонсович, К. О. Добровольский, Р. Ю. Клопотовский және т. б.Дала өлкесінің генерал-губернаторына, Ішкі істер министріне, Архиепископқа Петропавл қаласында костел салуға рұқсат сұрап, бірнеше рет өтініш білдірді. Ақырында, мұндай рұқсат 1898–1908 жж. (нақты күнін анықтау мүмкін болмады) алынды. Шіркеу католиктік қауымдастық мүшелері жинаған қаражатқа салынды, құрылысқа рұқсат сұраған өтінішке Петропавл қаласы мен оның маңайындағы 205 тұрғын қол қойды. Петропавлдың 1910 жылғы картасында шіркеу құрылысына бөлінген аумақ көрсетілген, бұл аумақ қала бағымен, мұсылман зиратымен және жаңа ауруханамен шектеседі» делінген энциклопедияда.
«Ақмола облысының естелік кітабы. 1914 жылғы мекенжай-күнтізбеде» (Омбы, 1914) осы жылдары Петропавлда «1 собор, 6 православие шіркеуі, 1 рим-католик шіркеуі, еврей синагогасы, 6 Мұхаммед мешіті…» болғаны туралы ақпарат бар.
«1924 жылы Петропавлдағы діни бірлестіктер мен топтарды тіркеу кітабында» 7-ші номермен костел жанындағы Рим-католик тобы жазылған.
«1925 жылға діни топтармен және қауымдармен келісім-шарттар жасау және діни ғимараттарды сақтандыру туралы әкімшілік бөлімнің Губерния атқару комитетімен хат алмасуы» ісінде сақтандырылған шіркеулер, мешіттер мен ғибадат үйлерінің тізімі, әр ғимараттың мекенжайы бар. Бұл тізімде № 16 болып костел тұр.
Бастапқыда шіркеу ағаш ғимаратта орналасқан. Ол жерде католиктердің балаларын сауаттылыққа үйрететін жексенбілік мектеп те болды. Ксендз де сол ғимаратта тұрған.
Бірақ шіркеудің ауданы шағын болғандықтан, католик қауымдастығы Дала өлкесінің генерал-губернаторы мен Ішкі істер министрлігіне бұрыннан бар ағаштан салынған кстел жанына жаңа кірпіш шіркеу салу туралы өтінішпен жүгінді.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін шіркеу ұлттандырылды. Сол уақыттан бері ғимарат ондаған жылдарға өзінің бастапқы мақсатын жоғалтты.
Қаланың байырғы тұрғындарының айтуынша, өткен ғасырдың 20-шы жылдары шіркеу мұнарасы бұзылып, ғимарат қоймаға айналдырылған. 30-шы жылдары ғимарат облыстық партия комитетінің бірінші хатшыларына арналған тұрғын үй ретінде қайта салынды.
Онда тұрғын бөлмелерден бөлек Петропавлға келетін Жоғарғы партия қызметкерлеріне арналған бөлмелер мен асхана болды. 1956 жылдан бастап ғимаратта балабақша орналасқан.
»…Александр Коцеруба «Бөгет шіркеу» мақаласында былай деп жазады: «Католиктер шіркеуді төікеріске дейін өз қаражатына салды. Одан кейін оның ішінде комиссарлар отырды, партия жетекшілері тұрды, музыка мектебі мен балабақша болды. Жаппай жекешелендіру кезеңінде ғимаратқа күмәнді компания қоныстанып, ол банкротқа ұшырағаннан кейін шіркеу қалалық мәдениет және демалыс саябағына берілді. Сауыққойлар оның ішінде табыс әкелетін мекеме, басқаша айтқанда, казино орналастырғысы келді, ол үшін тарихи құнды ғимаратты қайта жобалап, оған бес кабина қосып салды», — делінген энциклопедияда.
Ғимаратты діни мақсатына қайтару ұзақ және қиын болды. Рим-католик қауымдастығының мүшелері қаланың және оның төңірегіндегі байырғы тұрғындардан бұл ғимараттың шын мәнінде ғибадатхана болғаны және онда іс жүзінде қызмет атқарылғаны туралы дәлелдер жинады.
Петропавл қаласындағы сәулет-тарихи нысандарға ғылыми зерттеу жүргізген республикалық «Қазпроектреставрация» институты тағайындауды растап, нысанды діни сәулет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына қабылдауды ұсынды.
Тек 1999 жылы ғимарат «Қасиетті Троицаның» Рим-католик приходына берілді. Шіркеу қайта қалпына келтірілді.
Ғибадатхана 2002 жылдан бері жұмыс істеп тұр.