Еліміздегі қай өңірде алма бағы көп
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда отандық бағбандықты дамыту, жеміс-жидек өнімдерін өндіру көлемін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіншще, бұл ретте алма бақтарының аумағын ұлғайтуға, өнімді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ қазақ бағбандығының мақтанышына айналған әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлетуге басымдық беріліп отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр еліміздегі алма бақтарының жалпы аумағы 26,2 мың гектарға жетті. Жыл соңында 205,2 мың тонна алма жиналып, әр гектардан алынған орташа өнімділік 83,9 центнерді құрады. Алма бақтарының басым бөлігі Түркістан облысында – 13,4 мың гектар, Алматы облысында – 6,3 мың гектар, Жетісу облысында – 3 мың гектар және Жамбыл облысында 1,4 мың гектар аумақты алып жатыр.
Қазіргі таңда ішкі нарықтағы алмаға деген сұраныстың 74%-ы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, саланың тиімділігін көтеру импортқа тәуелділікті азайтуға және халықты жергілікті өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында мемлекет бірқатар субсидиялау шараларын жүзеге асырып жатыр. Минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтер сатып алуға жұмсалған шығындардың 60%-ға дейінгі, көшет сатып алу шығындарының 50%-ға дейінгі, ал суару суына жұмсалған шығындардың 85%-ға дейінгі бөлігі өтеледі.
Сондай-ақ инвестициялық субсидиялау аясында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу шығындарының 30%-ға дейінгі, суару жүйелерін салу және кеңейту шығындарының 80%-ға дейінгі бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Ал кемінде 5 гектар аумаққа қарқынды алма бағын отырғызуға жұмсалған инвестициялық шығындардың 40%-ына дейінгі мөлшерде субсидия беріледі. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 1 000 тоннадан асатын жеміс сақтау қоймаларын салу және кеңейту шығындарының 40%-ға дейінгі бөлігі өтеледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақ бағбандығының тарихында айрықша орны бар «Апорт» алма сортын қайта түлету жұмыстары да жалғасып келеді. Сапалы көшет өсіру, аналық ағаштарды сақтау және осы сорт егілетін бақтардың аумағын кеңейту міндеттерін «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің Талғар өңірлік филиалы жүзеге асырып жатыр.
Өткен жылы мамандар 2 080 көшет өсіріп, 10 гектар жерге «Апорт» алма бағын отырғызды. Ал биыл көшет өсіру, аналық ағаштарды күтіп-баптау, жаңадан отырғызылған бақтардың жай-күйін агротехникалық талаптарға сай ұстау және алдағы жылдарға қажетті отырғызу материалын дайындау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Аталған шаралар сапалы көшеттердің қорын молайтуға, «Апорт» сорты егілетін алқаптарды кезең-кезеңімен кеңейтуге және осы бірегей сорттың өндірістік әлеуетін қалпына келтіруге бағытталған.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында алдағы уақытта бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Апорт» сортының сапалы көшеттерін көбейту және өндіріс көлемін біртіндеп арттыру, аналық және қалемше алынатын бақтарды сақтау мен дамыту, оларды агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау бар.
Сонымен бірге Сиверс алмасының тұқымынан телітуші көшеттер өсіру, көшет өндіруге қажетті телітуші материал қорын қалыптастыру, ағаштарды телу мен көзшелеп ұластыру әдістерін жетілдіру, біржылдық стандартты көшеттер өсіру технологияларын дамыту көзделген. Бұған қоса, көшет питомниктерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, «Апорт» сортын өсіруге ниетті фермерлерді сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету және көшет өндірудің ғылыми негіздерін жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Алма шаруашылығының өркендеуі өнімді терең өңдеу саласының дамуына да серпін беріп отыр. 2025 жылы Қазақстанда 19,6 млн литр алма шырыны өндірілді. Ал 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 12,6 млн литр болды.
Жалпы, елімізде алма шаруашылығын дамыту көшет өсіруден бастап, бақ отырғызу, өнім жинау, сақтау және өңдеуге дейінгі өндірістің барлық кезеңін қамтиды.
Мемлекеттік қолдау шаралары, заманауи технологияларды енгізу және бағалы генетикалық қорды сақтау отандық бағбандықтың әлеуетін арттырып, саланың тұрақты дамуына жол ашады.
Ал әйгілі «Апорт» сортын қайта түлету – тек ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға бағытталған бастама ғана емес, ұлттық мұраны сақтаудың да маңызды бөлігі. Ғылыми зерттеулер мен заманауи агротехнологияларды бағбандықтың бай дәстүрімен ұштастыру арқылы Қазақстанның даңқын асырған осы бірегей алманың өсірілу аясын кеңейтіп, келер ұрпаққа аманат етуге жол ашылмақ.
«Алматы апортын» сақтап қалудың жаңа мүмкіндігі пайда болғанын жазған тедік.