Еліміздегі мемқызметтердің 90% астамы электронды түрде көрсетіледі – ҚР Президенті

 Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90% астамы электронды түрде көрсетіледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде айтты. Кazinform бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды. 

тоқаев
Фото: Ақорда

«Цифрлық технология және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастық кең мүмкіндіктерге жол ашады. Жасанды интеллектінің дәйекті дамуы өндірісті, еңбек нарығын және қызмет көрсету саласын трансформациялау үшін бізге аса маңызды міндет жүктеп отыр.

Еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі, ал қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 80 пайыздан асты. Тек өткен жылдың өзінде IT саласындағы экспорт көлемі бес есе артты. Біз бұл көрсеткішті 2026 жылға қарай бір миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді.

Осы ретте Президент СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырды.

Айта кетейік, Саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы (ЭСКАТО) Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Әл-Будайви сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған бағдарламасының (СПЕКА) саммитіне қатысу үшін бүгін Бакуге жұмыс сапарымен барғаны жазған болатынбыз. Алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, келіссөз жүргізді. 

 

Соңғы жаңалықтар