Еліміздегі оқырманы ең көп 100 кітап анықталатын болды
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қазақстандық ең үздік 100 кітапты анықтайтын ұлттық сауалнама басталды.

— Ұлттық құрылтайға мүше депутаттар жаңа бастама көтеріп жатыр. Бұл бастаманың мақсаты — өз авторларымыздың еңбектерін насихаттау. Көптеген елдерде осындай тамаша дәстүр бар. Ұлыбритания, Франция елдерінде осындай сауалнаманың нәтижесінде үздік деп танылған 200, 100 шығарманың тізімін жариялап жатады. Біз де сол дәстүрге сай өз елімізде осындай жалпыұлттық сауалнама бастайық деп шештік, — деді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин бастаманың ашылуында.

Оның айтуынша, бұл бастаманың мақсаты тек үздік 100 шығарманың тізімін жасау емес, оқырмандар арасында еңбектерді талқылау дәстүрін қалыптастыру.
Мәліметке сай, сауалнама eGov порталы арқылы жүргізілетін болады. Онда арнайы анкета дайындалған. Еліміздің кез келген азаматы eGov mobile қосымшасы арқылы өзінің 10 сүйікті кітабын ұсына алады.

Бұл кітаптар әртүрлі жанрда болуы мүмкін, яғни тарихи шығармалар, көркем әдебиет, балалар әдебиеті және фантастика жанрындағы туындылар ене алады.

— Сауалнама 3 ай бойы жүргізіледі. Оның нәтижесін тамыз айында Абай күніне орай жариялайтын боламыз. Бұл сауалнама нәтижесі әрбір қазақтың кітап сөресінде тұратын кітаптардың тізімін анықтап қана қоймай, баспа ісіне де жаңа үрдіс бере ме деп ойлаймыз, — деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, Meloman кітап дүкені желісі сауалнамаға қатысушыларға арнайы жүлде дайындап отыр. Оның ішінде ең жас қатысушыға, отбасы мүшелерінің бәрі дауыс берген жанұяға және ең белсенді аймақтарға арнайы сыйлықтар бар.

Еске салайық, Қызылорда облысының полиция бөлімінде алғашқы кітапхана ашылды.