Еліміздегі санаториялық-курорттық ұйымдардың 41,4 пайызында қызмет көрсету сапасы төмен

Санаторий/Демалыс аймағы
Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары ішкі және шетелдік туристер арасында сауықтыру туризмі дамып келе жатыр дегенді жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас? Сауалдарымызға ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев жауап берді.

Сауықтыру туризмі – келушілерге демалуға ғана мүмкіндік бермей, сонымен қатар олардың денсаулығы мен өмірдегі тепе-теңдігін жақсартуға жол ашпақ.

«Қазақстанда сауықтыру туризміне, әсіресе, пандемиядан кейінгі кезеңде сұраныс артты. Елімізде туристердің физикалық және психикалық денсаулығын жақсарту үшін бірегей табиғи ресурстар мен жоғары сапалы қызметтерді ұсынуға мүмкіндік мол. 2020 арнайы жол картасы шеңберінде еліміздегі санаториялық-курорттық ұйымдарды егжей-тегжейлі түгендеу жүргізілді. Зерттеу 145 нысанның 30-ының ғана белсенділігін шартты түрде жоғары деңгейге жатқызуға болатынын көрсетті. Бұл - зерттелген объектілердің жалпы санының 23,4% құрайды. Ұйымдардың 35,2%-ы орта деңгей санатына, ал 41,4%-ы қызмет көрсету сапасының төмен деңгейі санатына жатқызылды», - дейді вице-министр.

Зерттеу нәтижелері курорттық туризм саласындағы білікті мамандардың жетіспеушілігі және маркетингтік мүмкіндіктердің шектеулілігі сияқты проблемаларды анықтаған.

«Мәселелерді шешу үшін сала қызметкерлерін оқытуды енгізу және құзыреттілігін дамыту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Маркетинг, сату және туроператорлармен қарым-қатынас, әсіресе топтық брондау дағдыларын жетілдіру үшін арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылды. Бұл - қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Өз кезегінде туристерді көбірек тартуға және сауықтыру туризмі үшін тартымды бағыт ретінде Қазақстанның позициясын нығайтуға көмектеседі. Қазақстанда сауықтыру туризмінің дамуы біздің тұрғындардың денсаулығын жақсартуға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар ел экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, әлемдік туристік нарықтың маңызды қатысушысы ретіндегі имиджімізді нығайтатынын атап өткен жөн», - дейді Ержан Еркінбаев.

Белгілі болғандай, бүгінде туристерді көбіне Бурабайдағы демалыс орындары қызықтырады екен. Алматыда және Алматы облысында минералды сулар мен заманауи СПА-процедураларды қоса алғанда, қызметтердің кең спектрін ұсынатын санаторийлер мен СПА орталықтары да сұранысқа ие. Еліміздің шығысында, Алтай тауларында йога, медитация және ашық ауада серуендеуге мүмкіндіктер бар. Астанадан 110 шақырым жерде, Ақкөл қаласына жақын жерде орналасқан Wyndham Residence Aqkol Club саяжай қонақ үйінің жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл қонақүй Қазақстанда бірінші болып туризм индустриясын нығайтып, Қазақстанды салауатты демалу мен сауықтыру үшін одан да тартымды орынға айналдыратын сауықтыру концепциясын ұсынатынын атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар