Еліміздегі су қоймалары келесі маусымға қаншалықты дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның оңтүстік облыстарының су қоймалары 55 %-ға толы. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 23%-ға артық. Бүгінгі таңда оңтүстіктегі су қоймалары келесі жылғы суару маусымына су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Ал, солтүстік, батыс және шығыс облыстардың қоймаларынан су жіберілуде. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде еріген қар суын қабылдау үшін бос сыйымдылықтарды қамтамасыз ету үшін жасалады.
Бүгінгі таңда солтүстіктегі су қоймалары 79%-ға толы. Батыс облыстар бойынша су қоймаларының орташа су жинау көлемі 44%. Шығыстағы су қоймалары 89%-ға толы болса, Орталық Қазақстандағы су қоймаларында 85% су бар.
«Бүгінгі таңда барлық су қоймалары бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Алайда, жұмыс кестесі су тасқынына қатысты болжамдарға байланысты түзетілетін болады. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында министрлік барлық облыстарға су басу қаупін азайту жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін арттыратын жерснарядтар секілді мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, өзен арналарын тазарту жөнінде ұсыныс жіберді», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Су ресурстары мен суару саласында қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы сараптама мақаладан оқи аласыз.