Еліміздің 2 өңірінде литий іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Цены на нефть, газ, уголь, уран, литий и золото в Казахстане
Фото: Midjourney

- Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін геологиялық барлау көлемін қазіргі 1,5 миллионнан 2 млн 200 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту міндетін қойды. Қазірдің өзінде жер қойнауының зерттелген аумағы 2 млн шаршы шақырымға жеткізілді. Басқа елдердің геологиялық қызметтерімен халықаралық байланыстар аясында Қазақстанның шығыс өңірінде жаңа кен орындарын бірлесіп іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, алынған ақпарат Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына жүктеледі. Бұл платформа лицензияларды автоматты түрде беруге және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың міндеттемелерінің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

- Көмірсутек шикізаты саласында Жақсартылған модельдік келісімшарт тетігі енгізілді. Ол бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және күрделі кен орындарына инвестициялар тарту үшін жағдай жасауға бағытталған. Бүгінгі таңда жерде сирек кездесетін металдарға сұраныс жоғары болып отыр. Бұл орайда 12 учаскеде мемлекет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Әсіресе литийге деген сұраныс ерекше. Оны іздестіру жұмыстары Баянкөл өңірінің, Арал-Каспий аумағының маңында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар биыл шамамен 1 млн шаршы шақырым аумақта пайдалы қатты қазбаларды барлау алаңдары ашылды. Бұл Riotinto, Fortescue, Arras Minerals сияқты және басқа да ірі халықаралық компанияларды тартуға мүмкіндік берді, - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар